Ұлттық статистика бюросының мәліметінде бүгінде әрбір бесінші қазақстандық бизнес саласында жұмыс істейді, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы жалпы қосылған құнының үлесі қазірдің өзінде 40%-ға (39,8%) жақындаған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі орта бизнестің жалпы қосылған құнының үлесі 7,9%-ды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары.
Үкімет ақпаратына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында орта бизнестің ЖҚҚ 6,7%–6,9% деңгейінде тұрақты болып қалған, ал кәсіпорындар саны 3 мыңнан астам деңгейде сақталды.
«Бүгінгі таңда барлық кәсіпкерлік субъектісінің 99,9%-ы – микро және шағын компаниялар. Олар экономиканың «тірі тінін» қалыптастырады және 4,4 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 3,9%-ға артық. Яғни, бір жыл ішінде секторда ондаған мың жаңа жұмыс орны пайда болды деген сөз. ШОБ еліміздегі барлық экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығын құрайды – 45,5%, бұл саланың азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және еңбек нарығының тұрақтылығын сақтаудағы маңыздылығын көрсетеді», делінген ақпаратта.
Кәсіпкерлерге өндірісті дамытуға, технологияларды жетілдіруге, экспортты кеңейтуге және қаржыландыру көздерін тартуға мүмкіндік беретін 117 құралдан тұратын тізілім құрылды. Атап айтқанда Вaqylauda.qoldau.kz қызметі қолдау шараларына қол жеткізудің әмбебап нүктесіне айналды, оны қазірдің өзінде 222 мыңға жуық адам пайдаланған.
Сондай-ақ елімізде 2024 жылдан бері бизнес жасауға тең жағдай туғызу, компанияларды ірілендіруге ынталандыру және орта бизнестің рөлін күшейту бағытында кешенді саясат жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Ол кәсіпкерлер үшін болжамды және әділ орта құруды көздейді.
Бұған қосымша бизнеске қойылатын барлық талаптарды цифрландырып, бір ретке келтірген Міндетті талаптар тізілімі пайда болған. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, кәсіпкерлерге міндетті нормаларды орындауды жеңілдетіп отыр. Соның ішінде біліктілік талаптары қайта қаралуда және рұқсат беру процедуралары оңтайландырылуда, бұл бизнесті бастау мен жүргізуге кедергілерді азайтады. Ірі кәсіпорындар ШОБ-пен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға міндетелді, бизнес үшін кепілді өткізу нарықтарын ашады және өсуге жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқарды. Бұл тәсіл ұсақталу схемаларын шектейді және компанияларды дамуға және кең ауқымда қанат жая түсуге ынталандырады.
«Орта бизнесті күшейту және ірілендіру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі ЕҚДБ-мен бірлесіп кәсіпорындарды дамытудың нақты жоспарын әзірлеуде, ол өндіріс көлемін 2-3 есеге арттыруға бағытталған. Бұл кең ауқымда қанат жаю процесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге және экономикадағы жоғары өнім шығаратын компаниялардың үлесін арттыра түсуге батыл қадам жасалып жатқанын білдіреді», делінген ақпаратта.
Осылайша, Үкімет орта бизнес біртіндеп өңірлердің ғана емес тұтастай еліміздің де тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналып жатқанын атап өтті.
Дереккөз: Үкімет