Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленді

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленді

Құжат қауіпсіз әрі басқарылатын көші-қон жүйесін қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға және еңбек ресурстарының теңгерімді бөлінуіне бағытталған

QazMonitor Logo
Freepik
Freepik

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта құжат Үкіметтің қарауында.

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – мигранттарды сапалы іріктеуге, көші-қон ағындарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және адами капиталды дамытуға негізделген қауіпсіз әрі басқарылатын көші-қон жүйесін қалыптастыру.

Құжат үш негізгі бағытты қамтиды.

Бірінші бағыт – көші-қон мониторингін цифрландыру

Migration.enbek.kz платформасы негізінде көші-қон мониторингінің бірыңғай цифрлық жүйесін құру көзделген. Платформаға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Сыртқы істер, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен өзге де ведомстволардың деректері интеграцияланады.

Бұл мигранттардың келуі, болуы, білім алуы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік жағдайы туралы толық әрі сенімді ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Жиналған деректер көші-қон үрдістерін болжауға, аналитикалық есептер әзірлеуге және уақтылы басқару шешімдерін қабылдауға негіз болады. Сонымен қатар enbek.kz жүйесін Ұлттық білім беру базасымен және басқа ақпараттық ресурстармен біріктіру жоспарланған.

Екінші бағыт – еңбек көші-қонын ынталандыру және реттеу

Бұл шаралар өңірлік диспропорцияны азайтуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жұмыспен қамтуды көбейтуге, соның ішінде қандастар мен мигранттарды қолдауға бағытталған. Жұмыс күші шыққан және қабылдайтын өңірлер арасында өңіраралық меморандумдар жасасу, шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін жетілдіру және мобильді кәсіпкерлікті дамыту көзделіп отыр.

Ішкі қоныс аударушылар мен қандастарды қолдауға ерекше назар аударылады. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде қоныстануға арналған жыл сайынғы өңірлік квоталар бекітіліп, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жобалар іске асырылмақ.

Үшінші бағыт – сыртқы көші-қонды басқару

Тұжырымдама шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды, білікті шетелдік мамандарды тартуды және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Осы мақсатта Еуропа мен Азия елдерімен екіжақты келісімдер жасасу, шетелге жұмысқа шығатын азаматтарды мониторингтеуге арналған цифрлық платформа құру жоспарланған.

Сонымен қатар білікті шетелдік мамандар мен студенттерді тарту, салалық университеттер құру және Орталық Азия елдерінде кәсіптік бағдар беру науқандарын өткізу көзделеді. Елге оралған қандастарды қолдау үшін бірыңғай интеграция стандарттары әзірленіп, «Ата жолы» картасы жетілдіріледі.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, Тұжырымдаманы қабылдау қоғамдық-саяси тұрақтылыққа кері әсер етпейді және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді. Құжатты іске асыру үшін 73 іс-шара мен 14 нысаналы индикаторды қамтитын іс-қимыл жоспары дайындалған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.