Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Парктің жаңаруы және ИКАО аудиті: Авиация саласында қандай өзгерістер бар
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 19 желтоқсан, 2025 | 10:21
2 мин. - оқу уақыты

Парктің жаңаруы және ИКАО аудиті: Авиация саласында қандай өзгерістер бар

Биылғы он айда елде 26,6 млн жолаушы тасымалданған

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

2025 жылдың қаңтар–қазан айларында Қазақстанның азаматтық авиация саласы тұрақты өсім көрсетті. Азаматтық авиация комитетінің деректеріне сәйкес, есептік кезеңде негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып, ұшу қауіпсіздігі мен салалық реттеу жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар жүйелі шешім қабылданды.

Он айдың қорытындысы бойынша әуе көлігімен 26,6 млн жолаушы тасымалданды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Оның 13,1 млн-ы отандық әуе компанияларының үлесіне тиесілі, ішкі тасымал көлемі бір жылда 6,1%-ға өсті.

«Есептік кезеңде әуежайларда өңделген жүк көлемі 140 мың тоннаға жетті, оның ішінде отандық әуе компаниялары тасымалдаған жүк көлемі 23,8 мың тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға артық», делінген Көлік министрлігі ақпаратында.

Сондай-ақ ішкі әуе қатынасы 60 бағытты қамтып, аптасына 821 рейс орындалды. Халықаралық маршруттық желі 30 елдегі 131 бағытқа дейін ұлғайып, апталық рейстер саны 616-ға жетті. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның өңірлік және халықаралық авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп отырғанын көрсетеді.

2025 жылдың шілде айында Қазақстанға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано ресми сапармен келді. Бұл – ИКАО басшысының елге жасаған алғашқы ресми сапары.

Сонымен қатар қыркүйекте ел аумағында авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО аудиті өтті. Нәтижесінде халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейі 95,7% деп бағаланды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (72%) және ортаеуропалық деңгейден (88%) едәуір жоғары. Қазақстан осылайша ТМД елдері мен ИКАО-ның Еуроазиялық өңіріндегі көшбасшы елдердің қатарына кірді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары аясында Air Astana мен Boeing компаниясы арасында 15 Boeing 787–9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұған дейін тапсырыс берілген үш ұшақты қоса алғанда, компания паркіндегі Dreamliner саны 18-ге жетеді. Келісімнің жалпы құны шамамен 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл Қазақстанға ұзақ қашықтықтағы халықаралық бағыттарды, соның ішінде АҚШ-қа тікелей рейстерді ашуға мүмкіндік береді.

Комитеттің мәліметінше, биыл отандық әуе компанияларының паркі 12 жаңа әуе кемесімен толықты: SCAT – 4 Boeing 737 MAX 8, Air Astana – 3 Airbus A321/320, FlyArystan – 5 Airbus A321/320.

Инфрақұрылымдық жобалар аясында Ақтау және Астана әуежайларында ұшу-қону жолақтарын жөндеу аяқталды, Балқаш әуежайы терминалының реконструкциясы соңғы кезеңге шықты. Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Арқалық әуежайының қызметін қалпына келтіру және Павлодар әуежайын реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.