Google компаниясы жасанды интеллектінің Gemini моделін қазақ тілінде іске қосқанын жариялады. Бұл - әлемдегі ең озық саналатын ЖИ-моделінің тілдік қолдауын кеңейтуге бағытталған жаһандық бастаманың бір бөлігі. Қазақ тілі Gemini 3 буынын іске қосу аясында қосылған 23 жаңа тілдің қатарына енді. Осы жаңалық Қазақстандағы пайдаланушыларға Gemini мүмкіндіктерін әлемдегі ең ірі тілдермен тең дәрежеде, өз ана тілінде қолдануға мүмкіндік береді.
Gemini-дің қазақ тіліндегі интерфейсі қазірдің өзінде веб-нұсқада қолжетімді. Пайдаланушылар үшін тек Google аккаунты баптауларында қазақ тілін таңдау жеткілікті. Алдағы уақытта Android және iOS жүйелеріне арналған нұсқалар, сондай-ақ Gemini Live сервисі іске қосылады.
Gemini-дің қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосу Google компаниясының Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кең ауқымды жұмысының бір бөлігі болып табылады. Бұл жұмыс кадрларды даярлауға инвестиция салуды, цифрлық дағдыларды дамыту мен әзірлеушілерді қолдауды қамтиды. Компанияның бағалауынша, жасанды интеллектіні мемлекеттік секторға енгізу экономикалық жағынан тиімді: мемлекеттік басқару өнімділігін арттырады, бюджет тұрақтылығын күшейтеді және елдің экономикалық өсуіне үлес қосады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаһандық ЖИ шешімдерінің қазақ тілінде қолжетімді болуын цифрлық мемлекетті дамыту, азаматтар үшін технологиялардың қолжетімділігін арттыру және бәсекеге қабілетті AI-экожүйе қалыптастырудағы маңызды қадам деп атап өтті. Министрлік жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық өнімдерді локализациялау және жаңа буын мамандарын даярлау бағытында халықаралық технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырады.