Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылының маңында «Кастек» кешенді сейсмологиялық станциясының жаңғыртылған жаңа модульдік ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және «Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС мамандары қатысты.
1976 жылы негізі қаланған «Кастек» сейсмостанциясы аттас ауылдан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан және Солтүстік Тянь-Шань аймағындағы сейсмикалық белсенділікті бақылауда маңызды рөл атқарады. Жаңғырту жұмыстары аясында тәулік бойы ғылыми бақылау жүргізуге және қызметкерлердің тұрақты жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған заманауи модульдік ғимарат салынды.
Жаңа нысанда кеңсе бөлмелері, демалыс аймақтары, тұрмыстық жабдықтары бар ас үй, душ және санитарлық тораптар қарастырылған. Станция жоғары технологиялық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, сейсмологиялық бақылаулардың дәлдігін арттыруға және деректерді жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында сейсмологиялық институт қызметкерлеріне станцияны күтіп ұстау және далалық зерттеулер жүргізу үшін арнайы автокөліктердің кілттері табысталды.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмикалық қауіпті өңірлерде сейсмологиялық нысандарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. «Кастек» станциясы – Алматы маңында іске қосылған екінші осындай жоба. Биыл қазан айында «Известковый» сейсмостанциясының жаңғыртылуы аяқталған болатын. Бұл бастамалар елдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға және халықты қорғау деңгейін күшейтуге бағытталған.
Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі