Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қайтарылған активтерден Балқаш пен Қарағанды медицинасына 7,5 млрд теңге бөлінді

Қайтарылған активтерден Балқаш пен Қарағанды медицинасына 7,5 млрд теңге бөлінді

Бұл қаржыға өңірде онкологиялық орталық пен ауданаралық медициналық хаб салынады

QazMonitor Logo
telegram / KZgovernment
telegram / KZgovernment

Қарағанды облысы аумағындағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 7,5 млрд теңге бөлінеді. Қаражат бірқатар стратегиялық медициналық нысандарды салу және жаңғыртуға жұмсалып отыр.

Негізгі жобалардың бірі – Қарағандыда бой көтеріп жатқан жаңа онкологиялық орталық. Аталған нысанның операциялық және реанимациялық блогын заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 6,2 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 1,74 млрд теңге көлемінде бірлескен қаржыландыру қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 70%-ға жетіп, ішкі әрлеу кезеңі жүргізілуде.

Сонымен қатар Балқаш қаласында көпбейінді аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб қалыптастыру жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

«Бұл мақсаттарға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, жалпы құны 1,27 млрд теңгені құрайды», делінген Үкімет таратқан ақпаратта.

Атап айтқанда, бұл қаржыға ангиографиялық операциялық блок пен қабылдау-диагностикалық бөлімшелерді орналастыру үшін қосымша корпус салынады. Нысанның дайындық деңгейі 96%, негізгі құрылыс-монтаж, инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Медициналық хабты жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Балқашта тағы бір маңызды әлеуметтік жоба – балаларды оңалту орталығын ашу. Бұл мақсатта бұрынғы санаторий ғимаратын қайта бейімдеуге 272,1 млн теңге бөлінді. Орталықта стационарлық және амбулаториялық қызметтер көрсетіледі. Реабилитологтар, невропатологтар, логопедтер мен емдік дене шынықтыру нұсқаушыларынан құралған көпсалалы команда жұмыс істейді. Жобаны іске асыру өңірдегі балалардың облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жерінде сапалы оңалту көмегін алуына мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың ақпан айында аяқтау көзделген.

Аталған жобалардың жүзеге асуы өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Үкімет ангиографиялық операциялық бөлімшенің іске қосылуы «алтын сағат» қағидаты бойынша инфаркт пен инсульт кезінде жоғары технологиялық жедел көмек көрсетуге жол ашатынын атап өтті. Ал оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қалпына келтіру емін үздіксіз әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: Үкімет

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.