Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы және медициналық қызмет сапасы негізгі тәуекелдер қатарында қалып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Алматыда әлеуметтік саланы дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте айтылды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, қазіргі таңда мегаполисте 418 медициналық ұйым жұмыс істейді. Бүгінде саладаға 1 100 медицина қызметкері, оның ішінде 400-ден астам дәрігер жетіспейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту деңгейі 80,3% болса, 460 мыңнан астам азамат тұрақты сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.
Кеңесте алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігіне ерекше назар аударылды. Ел бойынша 4 млн-нан астам азаматтың соңғы екі жылда емханаларға жүгінбегені анықталған. Бұл профилактика, ерте диагностика және диспансерлік бақылау тетіктерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Алматы қаласының медициналық ұйымдары ерекше бақылауда болатынын атап өтті. Оның айтуынша, үш миллионға жуық халқы бар мегаполисте медициналық қызметтің сапасы мен ашықтығы бірінші кезекте тұруы тиіс.
«Әр медициналық ұйымға толық талдау жүргізілуі қажет. Соның ішінде Алматы қаласы ерекше бақылауда болады. Қалада үш миллионға жуық адам тұрады, медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Мамандарды жалған тіркеу мен есепті бұрмалауға жол бермес үшін денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру маңызды», деді Аида Балаева.
Сонымен қатар емханалардың тек қызмет көрсетуші емес, азаматтардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыратын институт ретінде жұмыс істеуі керектігі айтылды.
Бұған қоса, жиында әлеуметтік қолдау шараларының ашықтығы туралы да айтылды., еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, цифрлық тексеру нәтижесінде Алматыда 10 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алғаны анықталған. Соның есебінен жергілікті бюджетте 200 млн теңгеден астам қаражат үнемделген.
Дереккөз: Оқу-ағарту министрлігі