Orzax компаниясы Қазақстанда өндірістік және логистикалық хаб құру жөніндегі инвестициялық жобаны пысықтауға кірісті. Бұл шешім Мемлекет басшысының шілде айында компания басшылығымен өткізген кездесудегі уағдаластықтарға сәйкес қабылданды.
Orzax Central Asia еншілес компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Келісім Түркістан облысында тағамдық қоспалар өндіретін greenfield-кәсіпорын құру жобасын қолдауға 25 млн еуроға дейінгі қаржылық қолдауды қарастырады.
Бұл жоба Orzax компаниясының алғашқы халықаралық өндірістік алаңы болады және Орталық Азия мен көрші өңірлердегі нарықтардағы қатысуын кеңейту стратегиясының бір бөлігі болып саналады.
Компанияның негізін қалаушы әрі төрағасы Ахмет Алимоглу Қазақстанды экспортқа бағдарланған өндірісті локализациялау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және халықаралық сапа стандарттарын енгізу үшін перспективалы платформа деп атап өтті. Ол ЕҚДБ-мен өзара іс-қимыл жобаны құрылымдауға және орнықты қаржылық модель қалыптастыруға маңызды екенін айтты.
Дереккөз: Kazakh Invest