Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Инвестициялық карта кеңейіп жатыр: Биыл үш жаңа АЭА іске қосылды

Инвестициялық карта кеңейіп жатыр: Биыл үш жаңа АЭА іске қосылды

Инвесторларға жеңілдіктер сараланған тәсілмен ұсыныла бастады

QazMonitor Logo
primeminister.kz
primeminister.kz

Қазақстан индустриялық аймақтарды қайта форматтап жатыр. Үкімет арнайы экономикалық аймақтарды дамыту арқылы капитал тартуды күшейтуде. Мемлекет бұл тетіктердің тиімділігін арттыру үшін заңнаманы тұрақты түрде жаңартып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

Былтырдан бері Қазақстанда инвесторларға жеңілдіктер ұсынудың жаңа қағидаты енгізілді: инвестиция көлемі артқан сайын мемлекет тарапынан берілетін қолдау да ұлғаяды. Бұған қоса, өңдеуші өнеркәсіп жобалары үшін АЭА аумағындағы жер учаскелерін пайдалануға берілгеннен кейін үш жыл өткен соң мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл шешімдер арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын күшейтті.

«QazIndustry» АҚ арнайы экономикалық аймақтар мен индустрияды аймақтарды дамыту дирекциясының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда үш жаңа арнайы экономикалық аймақ іске қосылған. Олар – «Қорқыт Ата», «Ақтөбе» және «Атырау» АЭА. Сонымен қатар, бірқатар жұмыс істеп тұрған аймақтардың аумағы кеңейтілді. Атап айтқанда, «Turan», «Морпорт Ақтау», «Павлодар», «Хоргос – Шығыс қақпасы», «Сарыарқа», «Jibek Joly», «Қызылжар» және «Ұлттық индустриялық мұнайхимиялық технопарк» АЭА-лары қосымша жер телімдерін алды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, мемлекеттік саясаттың келесі бағыты – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және мультимодальды хабтар құру болады.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет әуежайларды дамыту және мультимодальды әуежай хабтарын құру мақсатында «Морпорт Ақтау», «Оңтүстік», «Астана-Технополис», «Сарыарқа» және «Alatau» АЭА аумақтарын кеңейту туралы шешім қабылдады», делінген хабарламада.

Бұған қоса «Морпорт Ақтау», «Jibek Joly», «Alatau», «Хоргос-Шығыс қақпасы», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата», «QYZYLJAR» және «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА қызметінің басым салалары кеңейтілетінін хабарланды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан аумағында 17 арнайы экономикалық аймақ және 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді.

Қабылданып жатқан шаралар жаңа инвестицияларды тартуға, өндірістік қуаттарды іске қосуға және жоғары технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл аймақтарда жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлік экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр.

Үкімет АЭА мен ИА туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғастырады. Бұл қадамдар өңірлердің дамуын жеделдетіп, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау тетіктері бизнесті дамытуға, инвестиция мен жоғары қосылған құны бар өндірістерді ынталандыруға негізделеді.

Бұған дейін Қазақстан жыл сайын орта есеппен 20 млрд доллардан астам инвестиция тартатыны хабарланды. Бүгінде мемлекет Орталық Азия мемлекеттері арасында ТШИ бойынша көш бастап тұр. 
Сондай-ақ Үкімет қайтарылған активтерден Qyzyljar АЭА дамытуға 9,6 млрд теңге бөлген болатын. Қаржы жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға салынады. 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.