Бұдан былай «Болашақ» бағдарламасы әлемдік ТОП-100 рейтингіне енетін жоғары оқу орындарымен ғана шектелетін болады. Сондай-ақ енді бағдарлама экономиканың стратегиялық секторларына - атом энергетикасы мен жасанды интеллект салаларына басымдық береді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысынан кейін Ақорда хабарлады.
Қазақстанда шетелде кадрлар даярлау саясаты түбегейлі қайта қаралды. 2026 жылдан бастап бағдарлама шеңберінде жасанды интеллект жүйелеріне қызығатындар үшін жаңа санат енгізілмек. Сонымен қатар, отандық ядролық өнеркәсіпті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында атом энергетикасы саласына жыл сайын 20 квота бөлінеді. Бұл отандық атом саласын жергілікті білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ кеңесте жаратылыстану және техникалық бағыттағы «Болашақ» стипендияларының үлесі соңғы үш жылда айтарлықтай артқаны айтылды. Мәселен, 2022 жылы бұл көрсеткіш 59,2% болса, 2025 жылы 70%-ға жеткен. Ал инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша ғылыми тағылымдамалар үлесі 46%-дан 72,4%-ға дейін өсті.
Отырыс қорытындысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» бағдарламасын ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкестендіру және оның тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Айта кетейік, биыл стипендия тағайындау конкурсы жаңа форматта өтті. Үміткерлер енді үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді: кешенді тест, сұхбат және ең жоғары балл жинаған кандидаттар Республикалық комиссияның іріктеуіңен өтті. Сонымен қатар бір жыл ішінде конкурсқа қайта қатысу мүмкіндігі енгізілді. Бұл әлеуетті талапкерлер санын кеңейтуге бағытталған.
Конкурс қорытындысы бойынша 225 қазақстандық «Болашақ» стипендиясына ие болды. Бір орынға орта есеппен төрт үміткерден келген. Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтар халықаралық рейтингтердің үздік жүздігіне енуі тиіс.
Стипендиаттардың 152-сі магистратурада, 16-сы докторантурада оқиды, ал 57 маман кәсіби тағылымдамадан өтеді. Бұдан бөлек, 182 азамат әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына ғылыми тағылымдамаларға жіберіледі. Биыл ғылыми бағыттағы үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейтілді: халықаралық жарияланымдар немесе патенттердің болуы міндетті шартқа айналды.
Отырыс соңында Ерлан Қарин «Болашақ» бағдарламасын ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкестендіру және оның тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұған дейін Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Халықаралық бағдарламалар орталығымен және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-пен бірлесіп, шетелде атом саласына кадрлар даярлау үшін грант бөлуді көздейтін бағдарламаны іске қосу туралы келісім жасаған болатын. Аталған келісім негізінде «Болашақ» жыл сайын шетелдік университеттерде магистратура, докторантура және халықаралық тағылымдама үшін 20 грант бөліп отырады.