Алматы халықаралық білім беру аренасында өзінің көшбасшылық орнын нығайтып, Орталық Азияның басты интеллектуалды орталығына айналып келеді. Соңғы бір жылдың ішінде мегаполисте білім алып жатқан шетелдік жастардың саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 45%-дан астам өсім көрсетті.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл үрдіс қала экономикасына ғана емес, оның мәдени және академиялық беделіне де айтарлықтай әсер етіп жатыр.
Бүгінде Алматының 35 жоғары оқу орнында жалпы саны 236,1 мың студент білім алады. Бұл көрсеткіштің қомақты бөлігін еліміздің өзге өңірлерінен келген жастар мен алыс-жақын шетелден ағылған азаматтар құрап отыр. 2023 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда әлемнің 82 елінен келген 26 мың шетелдік студент оқыса, олардың басым бөлігі Алматыны таңдаған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шетелдік студенттердің басым бөлігі төрт ЖОО-ны таңдаған. Атап айтқанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 4,5 мың, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де 1,9 мың, (оның 63,2%-ы Үндістан азаматтары), Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-де 1,9 мың (негізінен Түркіменстаннан) және Абай атындағы ҚазҰПУ-де 1,8 мың шетел азаматы оқиды.
Шетелдік студенттер ағынының артуы тек білім саласына ғана емес, қаланың инфрақұрылымына, қызмет көрсету секторына және инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Көпұлтты студенттік орта Алматының білім беру экожүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес трансформациялануына жол ашуда.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек бұл жетістіктің негізгі себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, соңғы бір жылда мегаполисте оқитын шетелдіктер 5,5 мыңға (17,1 мыңнан 22,6 мыңға дейін – ред) артқан.
«Біздің жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтердегі орнын нығайтып, халықаралық бағдарламаларды дамытып, жоғары сапалы заманауи білім беру ортасын қалыптастырып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен келетін студенттердің қызығушылығын оятады», деді басқарма басшысы.
Алматы әкімдігі «білім беру хабы» ретіндегі мәртебесін сақтап қалу үшін алдағы уақытта жатақханалар салу, студенттік жеңілдіктер жүйесін кеңейту және академиялық алмасу бағдарламаларын жандандыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қаланың халықаралық сипатының күшеюі Алматыны жаһандық білім нарығында бәсекеге қабілетті етіп, өңірдегі ең ірі интеллектуалды орталықтардың бірі ретіндегі орнын бекіте түсіреді.