Алматыда өткен New Vision Forum 2025 халықаралық форумында креативті экономиканы дамытуға арналған қалалық тікелей инвестициялар қорын құру туралы келісімге қол қойылды. Үшжақты келісім қатысушылары Almaty Creative, Freedom Holding Corp. және VPE Capital Fund Management Limited болды, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Creative Capital Fund қоры өңірдің ерекшеліктері мен Алматыда креативті жобалардың көп шоғырланғанын ескере отырып, креативті индустриялардағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылды.
«Қор инвестициясы жоғары экспорттық әлеуеті бар бағыттарға - кино өндірісі, соның ішінде бейне және анимация, музыка, IT және gamedev, архитектура, дизайн және цифрлық медиаға шоғырланатын болады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.
Қордың жалпы капиталы – 21 миллиард теңге: оның 10 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 11 млрд теңгесі жеке және шетелдік инвесторлардан тартылған.
Қор «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AҚХО) алаңында құрылып, ағылшын құқығы құзыреті аясында жұмыс істейді.
Қызмет мерзімі алғашқы бес жылғы инвестициялық, келесі бес жылғы постинвестициялық кезең ді қосқанда, 10 жыл.
Еске сала кетсек, қалалық тікелей инвестициялар қорын құру бастамасы 2022 жылғы 16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауына ие болған. Бұл бастама 2021-2025 жылдарға арналған Креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасында және Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективада дамыту бағдарламасында көрініс тапқан.
Қордың басты мақсаты - қала тұрғындарының шығармашылық бастамаларын тұрақты бизнеске айналдыру және Алматының креативті индустриялар экожүйесін дамыту.