Қазақстанның республикалық маңызы бар трассаларында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 900-ге жуық көлік иесі мемлекеттік нөмірді пайдалану ережелерін бұзғаны анықталды. Олардың арасында нөмірді әдейі батпақпен жапқандар да, жоғары технологиялық «шторкаларды» қолданғандар да бар, деп хабарлайды QazMonitor.
Биылғы тексеріс құқық қорғау органдары, көлік прокуратурасы және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының цифрлық бақылау жүйелерін біріктіру арықылы жүргізілген. Бұл «ақылды» камералардан жалтармақ болғандарды жедел анықтауға мүмкіндік берді.
ҚазАвтоЖол компаниясы мемлекеттік нөмір белгісі көлік құралының міндетті сәйкестендіру дерегі болғандықтан, ол ұлттық стандарт талаптарына сәйкес орнатылып, тәуліктің кез келген уақытында анық көрініп, еркін оқылуы тиіс екенін атап өтті.
«Ластану салдарынан нөмір оқылмай қалса, жүргізуші оны уақтылы тазалауға міндетті. Ал МТНБ-сыз басқару, нөмірді әдейі жасыру/бұрмалау, сондай-ақ жалған немесе қолдан жасалған нөмір белгісін қолдану - Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидаларын және заңнамасын тікелей бұзу», делінген компания таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК көрсеткішінің 4 325 теңгеге дейін өсуіне байланысты, жол ережесін бұзудың экономикалық салдары да ауырлай түсті. ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша келесі жауапкершілік қарастырылған:
- 1-бөлігі: оқылмайтын, стандарт талабына сай емес немесе белгіленген орыннан тыс орнатылған нөмірлер - 5 АЕК (21 625 тг).
- 2-бөлігі: мемлекеттік нөмір белгілерінсіз басқару (сондай-ақ бірқатар жағдайларда тіркелмеген көлік құралын басқару) - 10 АЕК (43 250 тг).
- 2-1-бөлігі (бір жыл ішінде қайталап): 20 АЕК (86 500 тг) немесе 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру (сот шешімімен).
- 3-бөлігі: көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған нөмір белгісін орнату - жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 тг) (лауазымды адамдарға және бизнес субъектілеріне айыппұл мөлшері жоғары).
- 4-бөлігі: көрінеу жалған/қолдан жасалған нөмірмен, сондай-ақ нөмірді жасыратын, бұрмалайтын не тануға кедергі келтіретін материалдармен/құрылғылармен жабдықталған нөмірмен басқару - 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру (сот шешімімен).
Сонымен қатар компания жүргізушілерді жолға шығар алдында мемлекеттік нөмір белгілерінің берік бекітілуін, тазалығын және оқылымдылығын міндетті түрде тексеруге шақырды. Бұған қоса, нөмірді әдейі «жасыруға» бағытталған пленка, жапқыш, рамка-шторка секілді құрылғыларды қолдану немесе жалған нөмір орнату қауіпсіздік тәуекелдерін күшейтіп қана қоймай, қатаң әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде қамаққа алу және жүргізу құқығынан айыру сияқты шараларға әкелуі мүмкін екенін еске салды.