Қазақстандықтардың зейнетақы жинағын емделуге пайдалануы уақытша тоқтатылды. 2026 жылдың 12 қаңтарында сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасы біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЗТ) өтінім қабылдауды тоқтатты. Бұл туралы банктің хабарламасында айтылған, деп хабарлайды QazMonitor.
Банк бұл қадам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған медициналық қызметтер ұсыну белең алған тұста бақылауды күшейту мақсатында жасалып отырғанын атап өтті.
«Отбасы банкі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗЖ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды», делінген хабарламада.
Банк БЗЖ-ын пайдалану арқылы емдеуге өтінімдерді қабылдауды қайта бастау туралы талаптарды түзету аяқталғаннан кейін қосымша хабарланатынын атап өтті.
Еске салсақ, 2025 жылдың 15 қыркүйегінде алғашқы шектеу стоматология саласына қойылған еді. Кейбір клиникалардың жұмыс жүктемесі физикалық мүмкіндіктерден асып кеткені анықталды. Банк өкілдері клиникалар күніне 70-тен астам клиент қабылдауға көшкенін айтқан болатын. Алайда медициналық мекемелердің мұндай көп мөлшердегі пациенттерге қызмет көрсетуге жағдайы да болмаған.
Зейнетақы қаржысына тіс емдеуге тыйым салынған соң, «сұраныс» басқа бағыттарға ауыса бастады. Мәселен, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін көз ауруларын емдеуге айына 174 өтінім мақұлданса, шектеуден кейін бұл көрсеткіш 7 есе өсіп, айына 1 264-ке жеткен. Тексеріс кезінде клиникалардың жалған мекенжайлары анықталды.
Оған шектеу қойылған соң зейнетақы қаржысын пластикалық хирургия үшін пайдалануға деген сұраныс күрт көбейді. Нәтижесінде, 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап пластикалық хирургияның бұл түріне де тыйым салынды.