Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев отандық киногерлердің атынан Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, ірі кинотеатрлар желісі өздерінің үстемдік жағдайын пайдаланып, қазақстандық киноның дамуына кедергі келтіруде, деп хабарлайды QazMonitor.
Депутаттың сөзінше, бүгінде кинотеатрлар фильмнің алғашқы көрсетілім күнінен бастап жалпы кассаның жартысын иемденеді. Бұл продюсерлер мен режиссерлер үшін өте ауыр соққы.
«Бұл пайдадан емес, түсімнен, яғни жалпы түскен кассалық алымнан алынатын пайыз. Режиссерлер мен продюсерлер кинозал иелері, монополистер тарапынан жасалған жасанды жағдайға тәуелді болғандықтан, қысымнан қорқып, үндемеуге мәжбүр», деді депутат.
Бұдан бөлек, фильм авторлары прайм-тайм алу үшін және жарнама үшін бөлек ақы төлеуге міндетті. Бейсенбаев индустрияда ресми емес «көлеңкелі» жарналардың да бар екені айтылды
Депутат мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген туындылардың табысын жекеменшік желілердің иемденіп отырғанына ерекше тоқталды.
«Мысалы, мемлекеттік бюджетке түсірілген «Қайтадан» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинады, оның 500 миллионнан астамын кинотеатрлар алды, бірақ мемлекет өндіріске небәрі 190 миллион теңге бөлген. Жекеменшік желілер мемлекеттік инвестиция бюджетке қайтарылғанға дейін-ақ одан бірнеше есе асып түсетін соманы иемденіп отыр. Біздің ойымызша, мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Мұнда әділ бәсекелестік көрінбейді. Экран мен отыратын орындарды ұсына отырып, кинотеатрлар фильм жасаушыларға қарағанда әлдеқайда көп табыс табады», деп қосты ол.
Оның сөзінше, қазіргі жүйе бойынша фильм өз шығынын ақтау үшін бюджетінен үш есе көп касса жинауы тиіс. Бұл экономикалық тығырық сапалы тарихи және мәдени туындылардың жарыққа шығуына мүмкіндік бермей отыр. Өйткені киногерлерге тәуекел ету тиімсіз.
Сонымен қатар ол Kinopark және Kinoplexx: елдегі кинозалдардың 40%-ын бақылайтынын, ал Chaplin және Cinema мегаполистердегі негізгі бақылаушылар екенін атап өтті.
Елнұр Бейсенбаев халықаралық тәжірибені, атап айтқанда АҚШ-тағы «жылжымалы шкала» жүйесін енгізуді ұсынды.
«Amanat партиясының фракциясы кинокомпания өндіріс шығындарын өтегенге дейін кинотеатрлар түсімнен үлес алуға дәмеленбеуі тиіс деп есептейді. Пайданы бөлу тек жоба өзін-өзі ақтағаннан кейін ғана әділ деп санауға болады. Бұл ретте шетелдік тәжірибеге де назар аударған жөн. Мысалы, АҚШ-та жылжымалы шкала деп аталатын жүйе қолданылады, онда прокаттың алғашқы апталарында студия түсімнің 70%-дан 90%-ға дейінгі бөлігін алады», деді Бейсенбаев.
Депутат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін және құзырлы органдарды киножелілердің үстем жағдайын пайдалану фактілері бойынша кешенді тексеріс жүргізуге шақырды.