Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Президент банктер туралы жаңа заңға қол қойды: не өзгереді

Президент банктер туралы жаңа заңға қол қойды: не өзгереді

Құжат цифрлық активтерді реттеуді, финтехті дамытуды және банк жүйесінің тұрақтылығын күшейтуді көздейді

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңға, сондай-ақ қаржы нарығын, байланыс пен банкроттықты реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерге қол қойды, деп хабарлайды QazMonitor.

Заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, технологиялық өзгерістерді, банк секторының экономикадағы рөлінің артуын, бәсекелестікті күшейтуді, финтехті дамыту мен цифрлық активтер айналымын ырықтандыруды қамтиды. 

Құжатта қаржылық орнықтылық, цифрландыру, тұтынушылар құқығын қорғау және бәсекелестікті дамытуға басымдық берілген.

Заңның негізгі бағыттары:

Пропорционалды реттеу.

Банк қызметін лицензиялау жеңілдетіліп, базалық және әмбебап лицензиялар енгізіледі. Бұл нарыққа жаңа қатысушылардың келуіне және шағын банктердің дамуына жол ашады. Базалық лицензиясы бар банктерге қойылатын талаптар жеңілдетіледі.

Финтех пен цифрлық активтерді дамыту.

Қазақстанда цифрлық қаржылық активтердің айналымына рұқсат беріліп, оларды реттеу енгізіледі. Үш түрі қарастырылған: стейблкоиндер; қаржылық құралдар мен мүлікке байланған цифрлық активтер; цифрлық платформада шығарылатын электрондық қаржы құралдары.

Сондай-ақ криптовалюталарды айырбастау қызметі лицензияланып, Ұлттық банк рұқсат етілген криптовалюталар тізімін және операциялық шектеулерді белгілейді. Цифрлық теңге ұлттық валютаның жаңа нысаны ретінде заңмен бекітілді.

Ислам банкингін дамыту.

Әмбебап банктерге өз лицензиясы аясында ислам банктік операцияларын жүргізуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін жеке құрылымдық бөлімшелер құрылып, шариғат кеңесінің болуы міндеттеледі.

Тәуекелге негізделген мінез-құлықтық қадағалау.

Қаржы өнімдерін әділ ұсыну, ақпараттың ашықтығы және тұтынушыларды қорғау күшейтіледі. Қаржы омбудсманының бірыңғай кеңсесі құрылады, оның шешімдері міндетті болады.

Төлем қабілетсіз банктерді реттеу тетігі жаңартылады.

Халықаралық стандарттарға сай үш деңгейлі дағдарысқа қарсы жүйе енгізіледі. Жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды акционерлер мен кредиторлар есебінен өтеу қарастырылған, ал мемлекеттің қатысуы уақытша және шектеулі болады.

Банктік реттеуді жетілдіру.

Тәуелсіз директорлар институты күшейтіліп, олардың директорлар кеңесіндегі мерзімі 9 жылмен шектеледі. Қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар біріздендіріліп, ашықтық пен қарыз алушыларды қорғау нормалары күшейтілді.

Жаңа Заң банк жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге, қаржы секторындағы бәсекелестік пен инновацияларды дамытуға бағытталған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.