Астанадағы №104 «Келешек мектебі» жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Бекболатқызы Еуропа елдерінде тұратын қазақ балаларына ана тілін тегін оқытып келеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Педагог Германияға біліктілігін арттыру мақсатында барған сапарында шетелдегі қандастарымен танысып, олардың балалары қазақ тілін үйренуге ынталы екенін байқайды. Осыдан кейін ол еріктілік негізде сабақ беруді қолға алған. 2024 жылдың 1 маусымынан бастап әр жексенбі сайын Нидерланд пен Германияда тұратын оқушыларға онлайн форматта қазақ тілі сабағын өткізеді.
Мұғалімнің айтуынша, балалар күнделікті өмірде өздері тұратын елдің тілінде сөйлегендіктен, қазақша акцент байқалады. Дегенмен олардың ана тіліне деген қызығушылығы жоғары. Ұстаз бұл істі өзінің азаматтық әрі кәсіби парызы санайды.
Сабақ барысында оқушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ауыз әдебиеті мен тарихы туралы білімін толықтырады. Өлең жаттау, мақал-мәтел үйрену, жаңылтпаш айту, рөлдік ойындар ұйымдастыру, комикс салу және отбасылық сұхбат жүргізу секілді шығармашылық тапсырмалар балалардың тілдік әрі функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған. Сабақ соңында оқушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
Германияда тұратын оқушылардың бірі Сафия Серік қазақ тілінде көптеген өлең, жұмбақ, мақал-мәтел үйренгенін айтса, Аида Әбжекенова ұлттық ойындар ойнап, тыйым сөздерді сурет арқылы бейнелегендерін жеткізді. Балалар үшін бұл сабақтар ана тілін меңгерумен қатар, тарихи Отанымен рухани байланыс орнатудың маңызды мүмкіндігіне айналған.
Шетелде өсіп жатқан қазақ балаларына ана тілін үйрету – ұлт болашағы үшін маңызды қадам. Гүлжазира Бекболатқызының бастамасы ұстаздықтың шынайы миссиясы – біліммен бөлісу екенін айқындай түседі.