Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылында ерекше қабілетімен көзге түскен 4 жастағы Әли Адамбек есімді бала өсіп келеді. Жасына қарамастан, ол екі және үш таңбалы сандарды ойша есептеп, көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды, деп хабарлайды QazMonitor.
Балабақшада-ақ зеректігімен танылған Әли бүгінде дайындық сыныбында оқиды. «Алтынтөбе» орта мектебінің мұғалімдерінің айтуынша, оның логикалық ойлау деңгейі жоғары сынып оқушыларымен тең. Тіпті 5–6 сыныпқа арналған күрделі есептерді жылдам шығарып, ұстаздарды таңғалдырған.
Анасы Нұргүл Мырзағалидың сөзінше, Әли бос уақытында мультфильм емес, ағылшын тіліндегі математикалық бағдарламаларды көруді ұнатады. Ұйықтар алдында ертегі тыңдаудың орнына, есеп шығарып, көбейту кестесін қайталауды сұрайды.
Кішкентай дарын иесі әліппені толық меңгерген, енді ағылшын тілінде жазуды жетілдіруді мақсат етіп отыр.