Жетісу облысының тұрғыны Балжан Нүсіп жолдасы Самат Жұмағұловпен бірге ауласындағы жылыжайда бес жылдан бері гүл шаруашылығымен айналысады. Отбасы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 60 мың түп қызғалдақ өсірді, деп хабарлайды QazMonitor.
Биыл кәсіпкерлер 14 түрлі сортты қызғалдақ баптап, мереке қарсаңында нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жылыжайда альстромерия - перу лалагүлі де өсіріледі. Кәсіпкердің айтуынша, гүл бизнесі бастапқыда көтерме саудадан басталған.
«Бастапқыда біз басқалардан алған гүлдерді көтерме бағамен сатып жүрдік. Кейін оларды өзіміз өсірсек деген ой келді. Әрине, ол үшін тәуекелге баруға тура келді. Өз қаражатымызды салдық, түрлі сынақтардан өтіп, қателік жасай жүріп, әр жолы жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, гүл шаруашылығын ақыры жолға қойдық. Мұның бәрі отбасымның қолдауының арқасында іске асты, жұбайым, енем, балаларым әрдайым жанымнан табылды», деді кәсіпкер.
2022 жылы отбасы альстромерия өсіруден бастаған. Ал 2023 жылдан бастап голландиялық тұқымдар сатып алып, қызғалдақ өсіруді қолға алған.
«Ал 2023 жылдан бастап голландиялық тұқымдар сатып алып, қызғалдақ өсіруді де қолға алдық. Өткен жылы 40 мың түп гүл өсірсек, биыл оның саны 60 мыңға жетті», дейді кәсіпкер.
Жылыжайдағы жұмыс таңертең ерте басталады. Температуралық режим тәулік бойы бақыланады, тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Желтоқсан айында отырғызылған гүлдер ақпанда бүршік жарған. Қазір гүл жинау жұмыстары жүріп жатыр. Күніне 5-7 мың дана гүл жиналады. Дайын өнім салқын қоймада сақталып, сауда орындарына жөнелтіледі.
«Жылыжайларымыздағы альстромериялардың басым бөлігі жиналып болды, бірақ өсімдікке күтім жасай береміз, өйткені перу лалагүлі жыл бойы гүлдейді. Ал қызғалдақтар алдағы 8 наурыз мерекесінде Жетісу аруларын қуантуға дайын. Гүлдерді негізінен Талдықорған қаласының гүл дүкендеріне, сондай-ақ облыс көлемінде саудаға шығарамыз», дейді Балжан Құдайбергенқызы.
Жылыжай аумағы 8 сотықты құрайды. Отбасы мүшелерінен бөлек, мұнда төрт жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.