Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Қазақстан ғалымдары дәстүрлі пестицидтердің экологиялық баламасын жасады

Қазақстан ғалымдары дәстүрлі пестицидтердің экологиялық баламасын жасады

Күріш өнімділігі 25%-ға артып, отандық жаңалық халықаралық деңгейде танылды

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Сәтбаев университетінің ғалымдары химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін биотехнологиялық әдіс әзірледі. Ғылыми жаңалық пайдалы микроорганизмдердің біртұтас команда ретінде жұмыс істеуіне негізделген синтетикалық микробтық қауымдастық құруды көздейді, деп хабарлайды QazMonitor.

Жаңа әзірлеме түрлі табиғи ортада тиімділігін сақтай отырып, тұрақты нәтиже көрсетуімен ерекшеленеді. Алматы өңіріндегі суармалы күріш алқаптарында жүргізілген тәжірибелік сынақтар өсімдіктердің тамыр жүйесінің 20-25 пайызға нығайғанын көрсетті.

Жоба жетекшісі, биотехнология саласы бойынша PhD докторы Бекжан Косалбаевтың айтуынша, жеке бактерия штаммдары әртүрлі топырақ пен климат жағдайында бірдей әсер көрсете бермейді. Осыған байланысты зерттеушілер бірнеше микроорганизмді біріктіре отырып, синтетикалық микробтық қауымдастық құрған. Мұндай комбинация өсімдіктердің қоректік заттарды сіңіру қабілетін арттырып, олардың стресс факторларына және қолайсыз сыртқы әсерлерге төзімділігін күшейтеді.

Атап айтқанда зерттеу кезінде төрт бактериядан тұратын FSQN синтетикалық қауымдастығы жоғары тиімділік көрсетті. Бұл қауымдастық күрделі топырақ жағдайларында жеке штаммдарға қарағанда анағұрлым нәтижелі болып шықты. Кейінгі кезеңде құрамына азот бекітуші цианобактериялар қосылып, NFJK синтетикалық қауымдастығы әзірленді.

Қазақстандық ғалымдардың бұл ғылыми жобасы экологиялық қауіпсіз биотыңайтқыштардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, өсімдік шаруашылығын тұрақты дамытуға негіз қалайды.

Қазіргі кезде Сәтбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Бекжан Косалбаев жас ғалымдармен бірлесе отырып, Қытайдың жетекші университеттерінің бірінде ғылыми зерттеулерін жалғастырады. Зерттеу нәтижелері патенттеліп, халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.