Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Қазақстанда жусан тозаңына қарсы бірегей дәрі жасалды

Қазақстанда жусан тозаңына қарсы бірегей дәрі жасалды

Отандық ғалымдар зерттеудің II кезеңін бастады

QazMonitor Logo
Qazaqstan Monitor: Қазақстанда жусан тозаңына қарсы бірегей дәрі жасалды

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғалымдары жусан тозаңына қарсы аллергияға арналған препаратты зерттеудің II кезеңін бастады, деп хабарлайды QazMonitor Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жусан тозаңына сезімталдық барлық тозаң аллергендерінің ішінде бірінші орында тұр, яғни 30%-ды құрайды. Әсіресе Алматы қаласы үшін өзекті. Себебі мегаполисте жусанның гүлдеу кезеңі шілдеден қарашаға дейін жалғасады. Ал қолданыстағы емдеу тәсілдері негізінен ауру белгілерін уақытша жеңілдетуге бағытталған, дерттің негізгі себебін толық жоймайды.

«Ал дәстүрлі аллерген-спецификалық иммунотерапия бірнеше жыл бойы ұзақ ем қабылдауды әрі препараттарды бірнеше мәрте енгізуді талап етеді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында ғалымдар PollenVax атты жаңа отандық препаратты әзірледі. Препарат OtarBioPharm базасында халықаралық GMP стандартына сәйкес өндірілуде», делінген ақпаратта.

Ғалымдардың әзірлемесі жусан тозаңы аллергенінің рекомбинантты ақуызы негізінде жасалған. Оның басты ерекшелігі — емдеу курсының едәуір қысқартылуы. Терапия аптасына бір рет жасалатын төрт теріасты инъекциясынан тұрады.

«Бұған дейін 30 еріктінің қатысуымен клиникалық зерттеудің I кезеңі сәтті аяқталды. Зерттеу нәтижесінде препараттың қауіпсіздігі дәлелденіп, адам ағзасына жақсы қабылданатыны анықталды. Сондай-ақ аллергенді бейтараптандыратын антиденелердің түзілуі және терілік прик-тест нәтижелері бойынша аллергенге сезімталдықтың төмендеуі секілді оң иммунологиялық көрсеткіштер тіркелді. Қазіргі таңда II кезеңдегі клиникалық зерттеуді өткізуге ресми рұқсат берілді», деп қосты ведомствода.

Айта кетейік, зерттеуге жусан тозаңынан туындаған аллергиялық риниті расталған, жасы 18 бен 65 жас аралығындағы 138 пациент қатысты. Ал зерттеуге қатысу мерзімі 180 күнге дейін созылады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.