Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Ескі киімдердің екінші тынысы: LikeKomek жобасы туралы

Ескі киімдердің екінші тынысы: LikeKomek жобасы туралы

Астаналық ерлі-зайыпты Дәулет пен Әсемгүл Керейбаевтар жинаған 1 млн келіден астам киім, қайырымдылық пен экологиялық миссия туралы материалдан оқыңыз

QazMonitor Logo
Сурет Instagram / likekomek парақшасынан алынды
Сурет Instagram / likekomek парақшасынан алынды

Экономикалық пайданы емес, әлеуметтік игілікті басты орынға қойған астаналық ерлі-зайыпты Дәулет пен Әсемгүл Керейбаевтардың жобасы – қазақстандық импакт-кәсіпкерліктің бірегей үлгісі. Олардың бес жыл бұрын бастаған LikeKomek жобасы осы аралықта 1 миллион келіден астам киімді қайта айналымға қосқан, деп хабарлайды QazMonitor тілшісі.

Бәрі үйдегі ескі киімнен басталды

LikeKomek жобасының негізін қалаған - ерлі-зайыпты Керейбаевтар. Әсемгүл 10 жыл мектепте жұмыс істеген, ал жұбайы Дәулеттің жеке кәсібі болған. Әсемгүлдің айтуынша, бәрі қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен басталған.

«Карантин кезінде өзім мен балаларымның ескі киімдерін қайда тапсырсам деп іздедім», деп бастады әңгімесін ол.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

Қаладағы қайырымдылық мекемесінің бірінде мұқтаж жандардың киім үшін таласып жатқанын көрген Әсемгүл жолдасына «Осы істі өзіміз неге бастамасқа?» деген ұсыныс тастайды. Қаржыгер күйеуі бастапқыда күдікпен қараса да, кейіннен жобаның экономикалық моделін жасап шығады. Олар киімдерге 100 теңгеден 5000 теңгеге дейін баға қоюды ұйғарды.

«Мейлі бренд киім болсын, болмасын максималды бағасы осы сомадан аспайды деп шештік. Осылайша біз қойма мен дүкенді жалдау ақысын шығарып отырамыз» деп келістік», дейді Әсемгүл.

Алғашқы қадам: OLX-тен басталған жол

Жоба қалыптасу жолында талай қиындықтан өтті. Бастапқыда ерлі-зайыптылар жұмыстан соң OLX-тегі «тегін беремін» деген хабарландырулар бойынша пәтер-пәтерді аралап, киім жинайды. Құр қол бармау үшін әр үйге шоколад не кәмпіт ұсынып, жобаларын түсіндіреді. Әсемгүл мен анасы жиналған киімдерді жуып, үтіктейді. Алайда, қоғамның реакциясы әртүрлі болғанын айтады.

«Жобамыз тезірек өзін ақтайтын шығар деп ойлаған едік, бірақ оған 1,5 жыл уақыт кетті. Дүкенге келгендер секонд-хенд пе, тегін бе деп сұрайды. Тіпті «өлген адамдардың киімдерін сатып, ақша жасап жатсыңдар» деген хейт те болды. Бірақ қолдаған адамдар да көп болғанын айту керек. Халық үйрене бастаған соң, «екінші дүкен ашпайсыздар ма?» деген сұрақтар қойыла бастады», деп еске алды кейіпкеріміз.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

Уақыт өте келе жобаға қатысты айтылатын сын мен сұрақ азайғанын айтады. Қазір жобаның екі дүкені мен бір үлкен қоймасы бар. Баға саясаты да ерекше: мұқтаж жандарға тегін, ал басқалары үшін кез келген бренд киімнің ең жоғарғы бағасы 5000 теңгеден аспайды.

Астаналықтар 1 миллионнан астам ескі киім тапсырған

Жобаның ауқымы таңғалдырады. Астаналықтар 5 жыл ішінде LIKEKOMEK жәшіктеріне 1 миллион 168 мың келі киім тапсырған. Күніне қоймаға шамамен 2 тоннаға жуық киім түседі. Қоймаға түскен ескі киімдер мен заттардың барлығы сұрыпталады. Ішіндегі жарамдысы әлеуметтік дүкендер арқылы қайырымдылыққа жіберіледі.

Қазір қала бойынша орнатылған жәшіктердің саны 140-тан асады. Киім салатын жәшіктерді Қытайдан тапсырыспен алдыртқан.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

«Алғашқы үш жәшікті анонимді демеушіміз жасап берді, аты-жөнін атамауды өтінді. Жарты жыл бойы сол жәшіктерді орнататын жерді іздедік. Оны орнату оңай емес екен, ПИК пен тұрғындардың келісімі керек. Жәшіктерді көбейту жоспарда жоқ, өйткені ол қосымша шығынды қажет етеді. Барлық жәшікке жиналған киімдер осы қоймаға келеді. Одан кейін бәрі сұрыптаудан өтіп, бағаланады», деді Әсемгүл.

Айта кетейік, пайдаға жарамайтын киім мен төсек орын елордадағы жануарларға арналған 10 панажайға жіберіледі.

Ескі джинсыдан этно-шапанға дейін

LikeKomek-тің ең қызықты бағыттарының бірі – апсайклинг. Жоба «Аrtmasterr.kz» қазақстандық брендімен коллаборация орнатып, киюге жарамсыз джинсылардан заманауи этно-стильдегі шапандар тігуге материал береді. Тіпті белгілі дизайнер Анастасия Романова да өз коллекциялары үшін осы жерден ескі киімдерді алған.

Сурет Instagram / likekomek парақшасынан алынды 
Сурет Instagram / likekomek парақшасынан алынды 

«Джинсы матадан тігілген киімдерді сұрыптап, олар үш сатылы тазалаудан өткізіп, апсайклинге жіберіледі. Бір барғанда 20-30 кг, кейде 100 кг-ға дейін жібереміз. Тоқыма өнімдерін сұрайтын әйелдер бар, оны жуып, тарқатып басқа нәрселер тоқып сатады. Сонымен қатар, бізде бижутериялар да (сырға, сақина) келеді. Сынғандарын тастамай, оларды да апсайклинге береміз, олар одан жаңа нәрселер жасайды», деп қосты кейіпкеріміз.

Сондай-ақ жәшікке киім салып тастаған пакеттерді де пайдаға жаратады. Оған әлеуметтік дүкенде киім кешек салып береді.

Сурет Instagram / likekomek парақшасынан алынды 
Сурет Instagram / likekomek парақшасынан алынды 

Қоқыс пен қайта өңдеу мәселесі

Әсемгүлдің айтуынша, киімнің орнына қоқыс шығатын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы айына 50 тонна киім сұрыпталса, соның 5-8 % қоқыс болады.

«Былтыр көктемде Астананың полигоны «текстиль қатты тұрмыстық қалдыққа жатпайды деп» бізден қоқысты алмай қойды. Тұрғындар үйінің жанындағы контейнерге тастаған текстильді қабылдайды да, бізден алмайды. Экология министрлігіне шағымдануға мәжбүр болдық, бір компанияны тауып берді. Ол бір тонна қоқысты жағу үшін 5 млн теңге сұрады. Бізде ондай қаражат жоқ. Содан кейін Ақмола облысы аумағындағы Қоянды жақтағы полигонға апара бастадық», деді ол.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

Ал қайта өңдеу зауыттарының талаптары да қатал: мақтаның үлесі 40%-дан кем болмауы керек. Ал синтетиканы қайта өңдеу Қазақстанда әлі де қолға алынбағанын атап өтті.

«Ресейде синтетиканы қабылдайтын жерлер бар, олар қоспа қосып түрлі пластик өнімдер – киім ілгіш, қаламның сабы сияқты нәрселерді жасайды», деп толықтырлы сөзін. 

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

Бүгінде жоба тек елорда ғана емес, елдің басқа да өңірлеріне көмек көрсетіп отыр. Мәселен, Алматы мен Шымкентке киім жіберген кездері болды. Әлі де жіберер еді, тек логистика жағы қиындық тудырады.

«Басқа қалалардан хабарласып, «бізден қашан ашасыздар?» деп сұрайды. Ол оңай емес. Инстаграмға жазып көмек сұрайтын азаматтар бар. Оларды қаладағы екі әлеуметтік дүкенімізге жібереміз, келіп қалаған киімін тегін ала алады. Мысалы, күзде оқу басталар алдында біздің дүкеннен 2 мың теңгеге баласын мектепке киіндірген аналар болды. Басында бұны әлеуметтік жоба деп айтатынбыз, қазір ол қайырымдылық және экологиялық жобаға айналды. Біз оған бизнес деп қарамаймыз. Себебі бизнестің негізгі идеясы пайда табу. Ал бұдан пайда таба алмайсың», дейді ол.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

«Ретро музейге жеткілікті дүниелер бар»

Жоба киім кешектер мен төмек орын, сондай-ақ тұрмыстық заттар қабылдайды. Мысалы, металдан жасалған ыдыс, тұрмыстық заттарды жинап, темір қабылдайтын жерге тапсырады. Әсемгүлдің сөзінше, жәшіктердің ішінен кейде тарихи жәдігерлер мен қымбат брендтер шығады. Бірде бағасы алынбаған, құны 700 мың теңгеден асатын бренд аяқ киім табылған. Бірақ ереже бәріне ортақ - ол  5000 теңгеге бағаланып сатылды.

«Тек дәрі-дәрмек пен шыны заттар қабылдамаймыз. Пандемия кезінде халық сабылып іздеген дәрілерді тапсырғандар болды. Оларды қоқысқа тастауға обал, чаттарға жазып, дәрі іздеген науқастар бар ма деп іздедік. Совет кезеңіндегі заттар - телефондар, ыдыс-аяқтар, бірде бір рет киілмеген пальто, ескі кітаптар, тіпті 1933 жылғы кофе қайнататын турка кездесті. Қазір ескі заттар музейін ашуға жеткілікті дүние жиналды», дейді кәсіпкер.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

Ендігі арман - бренд деңгейіндегі өндіріс

Бүгінде LIKEKOMEK – өзін-өзі ақтап отырған, 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған жоба. Жұмысшылардың көбі - әлеуметтік статусы бар азаматтар.

«Дәулет екеуіміздің арманымыз - H&M сияқты киімнен киім жасайтын үлкен өндіріс құру. Қайта өңдеу құрылғысын алдық, бірақ оған лайықты ғимарат әлі таппадық. Ондай ауқымды өндірісті жасамасақ та, апсайкл болуы мүмкін», деп қорытындылады Әсемгүл Керейбаева.

Айнұр Шошаева/QazMonitor
Айнұр Шошаева/QazMonitor

«LikeKomek» кейсі - бүгінгі Қазақстандағы ESG принциптерінің нақты көрінісі. Керейбаевтардың тәжірибесі экологиялық жауапкершіліктің бизнес үшін ауыр жүк емес, керісінше, жаңа нарықтар мен әлеуметтік капитал қалыптастыратын стратегиялық актив екенін дәлелдеп отыр. Бүгінде Астана тұрғындарының санасындағы өзгеріс — бұл жай ғана тренд емес, ерлі-зайыптылардың бизнестен биік, мейірімнен терең миссиясының заңды жемісі. Олар осылайша, экологияға деген жауапкершілік бизнес үшін шығын емес, болашақтың басты капиталына айналатынын көрсетіп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.