Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Қытайдың Бейжің қаласында өткен Төрт құрлық чемпионатындағы өнерін аяқтады, деп хабарлайды QazMonitor. Қысқа бағдарламадан кейін аралық есепте төртінші орынға ие болған спортшы еркін бағдарламада 175,65 ұпай жинап, екі бағдарлама қорытындысы бойынша 266,20 ұпаймен жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады.
Жарыста жапониялық Као Миура 273,73 ұпаймен чемпион атанса, күміс жүлдені Оңтүстік Корея өкілі Ча Джун Хван (273,62) алды. Қола медаль жапониялық Сота Ямамотоға (270,07) бұйырды.
Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі де жарыс жолына шықты. Диас Жиренбаев 185,43 ұпаймен 20-орынды, Олег Мельников 164,34 ұпаймен 21-сатыны иеленді.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайды. Олимпиаданың салтанатты ашылуы 6 ақпанға жоспарланған.