Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды QazMonitor.
Қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 92,94 ұпай нәтижесімен бесінші орында тұрған еді. Еркін бағдарламада ол 198,64 ұпай жинап, жалпы нәтижесін 291,58 ұпайға жеткізді. Өз өнері барысында Шайдоров бес төрттік секіруді орындады.
Екі бағдарлама қорытындысы бойынша ол бірінші орынды иеленді.
Күміс медальді Юма Кагияма (Жапония) 280,06 ұпай нәтижесімен жеңіп алды.
Қола жүлдені Шун Сато (Жапония) 274,90 ұпаймен иеленді.
Бұл жеңіс Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысу тарихындағы екінші алтын медалі болды. Алғашқы алтынды елге 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов алып келген еді.
Сондай-ақ, бұл — Қазақстанның Олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанаудан алған алғашқы «алтын» жүлдесі. Бұған дейінгі ең үздік нәтиже 2014 жылы Денис Тен жеңіп алған қола медаль болатын.