Өскеменде заманауи волейбол орталығының құрылысы басталды. Нысанның іргетасын қалау алаңына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барып, жоба барысымен танысты, деп хабарлайды QazMonitor.
Жоспарға сәйкес, екіқабатты орталықта екі волейбол залын салу қарастырылған. Оның бірі ресми жарыстар өткізуге арналса, екіншісі спортшылардың жаттығуына бейімделеді. Негізгі зал шамамен 200 көрерменге есептелген. Барлық спорт залдары киім ауыстыру бөлмелерімен, душ және санитарлық тораптармен толық жабдықталады.
Өңір басшысы құрылыс сапасына ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Оның айтуынша, облыста волейбол қарқынды дамып келеді, сондықтан спортшыларға қолайлы инфрақұрылым қажет. Әсіресе, облыстың «Berel» волейбол клубы үшін жеке залдың болуы маңызды. Бүгінде клуб халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатып келеді.
Жоба 2026 жылдың желтоқсанында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған.