Жазғы маусымда Қазақстан бойынша қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша республикалық турнирлер өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Министрдің айтуынша, жаз мезгілінде жеңіл атлетика, дзюдо, регби, скейтбординг, су добы және үстел теннисі сияқты 6 спорт түрі бойынша ұлдар мен қыздар арасында кемінде 10 республикалық чемпионат пен турнир өткізу жоспарланып отыр.
Жарыстар 9-15 жас аралығындағы жас спортшыларды қамтиды. Ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан «Жас Үміт» халықаралық турнирі, сондай-ақ жамбы ату, аударыспақ, асық ату, қазақ күресі және дәстүрлі садақ ату бойынша жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаттары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде Балаларды қорғау күніне (1 маусым) және Спорт күніне (16 тамыз) орайластырылған бұқаралық спорттық іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында турнирлер, чемпионаттар, жарыстар, спартакиадалар, марафондар, «көңілді старттар» және өзге де спорттық шаралар бар.
2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» да маңызды халықаралық спорттық оқиғалардың бірі болмақ. Іс-шараға шамамен мыңға жуық ерікті студент тартылып, негізгі аудитория ретінде балалар мен жасөспірімдер қамтылады.