Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Іс-шара таңғы сағат 06:00-де фитнес-жаттықтырушы Александра Нуркенованың ашық жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді.
Жол бойында спортшылар қала тұрғындарымен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Іс-шара соңында қатысушылар мен чемпиондардың қатысуымен фотосессия ұйымдастырылды.
Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ашық жаттығу және олимпиадашылармен бірге «10 000 қадам» іс-шарасы — Спорт күні қарсаңындағы спорт апталығының басы. Мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру жарыстары, веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорт фестивальдері бар.