World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылдың үздік боксшысы аталымын Махмұд Сабырхан иеленсе, Наталья Богданова үздік боксшы әйел деп танылды. Ал 2025 жылдың үздік жекпе-жегі Махмұд Сабырхан мен Аарон Джуд (Филиппин) арасындағы кездесу болды.
World Boxing аталымдары бойынша жеңімпаздар Instagram желісіндегі дауыс беру арқылы анықталды. Лайктар саны ең көп жиналған жазбадағы боксшы жеңіске жетті. Қыркүйек айында Сабырхан мен Богданова World Boxing ұйымдастырған алғашқы әлем чемпионатының жеңімпаздары атанды. Қараша айында World Boxing ұйымының президенті болып Геннадий Головкин сайланды.
Махмұд Сабырхан World Boxing федерациясының ресми аккаунтында 320 мыңнан астам лайк жинады.