Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Спорт
  3. Қазақстанның шаңғымен трамплиннен секіру командасы Олимпиадаға жолдама алуға жақын

Қазақстанның шаңғымен трамплиннен секіру командасы Олимпиадаға жолдама алуға жақын

Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың нақты тізімі 20 қаңтарда белгілі болады

QazMonitor Logo
фото olympic.kz
фото olympic.kz

Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі шешуші сынға таяп қалды, деп хабарлайды QazMonitor ҰОК-ке сілтеме жасап.

Бас бапкер Павел Васильевтің айтуынша, биылғы маусым команда үшін табысты өтіп, құрама бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізді. Жаттығу барысында спортшылар бірнеше рет ең алыс қашықтыққа секірген.

«Телемарк тәсілімен қонуда кейбір олқылықтар болғаны рас. Қазір сол кемшіліктерді түзету үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы алғанда, команда дұрыс бағытта дамуда. Спортшылардың физикалық дайындығы жоғары деңгейде, ал секіру қашықтығы үлкен үміт ұялатады. Сондықтан техникалық тұстарды сәл жетілдірсек, нәтиже бұдан да жақсара түседі», деді бас бапкер.

фото olympic.kz
фото olympic.kz

Осы маусымда қазақстандық спортшылар FIS Кубогы мен Гран-при кезеңдерінде бірнеше рет жүлдеге ілікті. Сондай-ақ Польшада өткен халықаралық турнирде де медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, Илья Мизерных пен Данил Васильев Әлем кубогының кезеңдерінде, оның ішінде атақты «Төрт тұғыр турнесінде» де іріктеуден сәтті өтті.

«Мұндай көрсеткіш бізге оң әсер сыйлап қана қоймай, алдағы мүмкіндіктердің кең екенін аңғартады. Дегенмен «Төрт тұғыр турнесі» барысында Илья Мизерныхтың комбинезоны белгіленген стандарттан екі миллиметрге қысқа болып, соның салдарынан ол екінші сары қағаз алды. Нәтижесінде спортшы турненің соңғы кезеңі мен Закопанеде өткен Әлем кубогының кезеңіне қатыса алмады», - деп қосты ол.

Павел Васильевтің айтуынша, команда үш олимпиадалық квотаға үміткер. Үшінші жолдаманың тағдыры алдағы демалыс күндері шешіледі. Қазір Илья Мизерных пен Данил Васильев Әлем кубогының жалпы есебінде жеткілікті ұпай жинап, 42-43-орындарда тұр.

«Бұл көрсеткіш оларға Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік береді. Қазақстанға бөлінген ең көп квота саны - үшеу. Қазір аға жаттықтырушы Қайрат Биекеновпен бірге Жапонияның Саппоро қаласында Сергей Ткаченко, Святослав Назаренко және Сабиржан Муминов іріктеу жарыстарына қатысып жатыр. Алдағы демалыс күндері сол жерде іріктеу есебіне кіретін соңғы жарыстар өтеді. Сол сайыстарда үшінші жолдаманы да еншілейміз деп үміттемін», деді ол.

фото olympic.kz
фото olympic.kz

Оның айтуынша, квота толық анықталғаннан кейін құрама соңғы оқу-жаттығу кезеңін Словенияда өткізеді. Ал әзірге көшбасшылар тығыз жарыс кестесінен кейін қалпына келу кезеңінен өтуде. Қазір Мизерных пен Васильев Алматыға оралғанын да айтты. Спортшылар алдағы күндері медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлермен, массаж мамандарымен және физиотерапевттермен жұмыс істейді.

«Қазіргі басты мақсат - ұзаққа созылған жарыстардан кейін толықтай қалпына келу. Еуропада бір жарым ай бойы жүрген соң спортшылар физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да айтарлықтай шаршаған. Сондықтан біз екі аптаны толық қалпына келу кезеңіне арнаймыз. Ал 1 ақпанда Словенияның Планица қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанамыз. Ол жерде акклиматизациядан өтіп, дайындықтың негізгі бөлігі ретінде барлық комбинезон мен шаңғыларды халықаралық стандарттарға сай келтіру жұмыстары жүргізіледі. Барлығын өлшеп, сәйкестендіреміз, дисквалификация болмауы үшін толық тексереміз. Денсаулық жағынан бәрі жақсы, тек шаршау бар. Бірақ дәрігерлер бұл мәселені шешуге көмектеседі», деп қорытындылады Павел Васильев.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.