Алматы тау кластерін кешенді дамыту жобасы іске қосылады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлімдегендей, жоспар аясында жұмыс істеп тұрған тау шаңғы курорттарын кеңейту және оларды бірыңғай инфрақұрылымдық желіге біріктіру көзделіп отыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Министрдің айтуынша, кешенді даму жоспарлары инфрақұрылым салу, инвестициялық жобаларды іске асыру, туризм саласын ілгерілету және цифрландыру бағыттарын қамтиды. Негізгі фокус – Алматы маңындағы тау кластерін халықаралық деңгейдегі туристік хабқа айналдыру.
Жоба аясында қосымша 30 арқан жол және 161 шақырым шаңғы трассасы салыну жоспарланып отыр.
«Осы арқылы қазіргі жүктемені азайтып, жыл сайын келетін туристер ағынын 5 миллион адамға дейін көбейте аламыз. Бұл жобаның аталған аймақ үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық әсері бар, себебі әлемдік тәжірибеге сүйенсек, тауда шаңғы тебетін турист жағажайға баратын туристпен салыстырғанда 7 есе көп ақша жұмсайды», деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар ол жоба туризмді әртараптандырудың және экспортқа бағытталған қызметтерді дамытудың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.