Абай облысының әкімдігі биыл демалыс аймағының аумағын 10 есеге ұлғайтып, жасанды интеллект көмегімен қауіпсіздікті күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Өңір әкімдігінің хабарлауынша, биыл демалыс аймағының бас жоспары қайта қаралып, туристерді қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 75 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Былтыр Алакөл жағалауын дамытуға өткен жылы 1 млрд. теңге бөлінген. Оған Қабанбай ауылында құтқару станциясының құрылысы аяқталып, көл жағалауында абаттандыру, көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл Алакөл демалыс аймағын дамыту үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Әкімдік шомылу маусымына дейін ЖИ технологиясы енгізілетінін хабарлады. Нәтижесінде 117 заманауи бейнебақылау жүйесі, 6 антенна-діңгек құрылғысы орнатылып, мобильді интернет байланыс желісімен толық қамтылады деп күтіліп отыр.
«Былтыр күзде бас жоспарға өзгерістер енгізу жұмыстары басталды, биыл қыркүйек айында аяқталады. Нәтижесінде аумағы 300 гектардан 3 000 гектарға дейін жетеді. Туристік аймаққа күнделікті келушілер санын 20 мыңнан 75 мың адамға жеткізу көзделуде. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде», деді облыс әкімі Берік Уәли.
Бұған қоса, туримз нысандарына төнген су басу қаупі туралы айтылды. Бүгінде қауіпті 360 метр жағалау анықталып, былтыр күзде нығайту жұмыстары жүргізілген. Соның арқасында 300 орындық 3 демалыс орнын су басу қаупі сейілді. Барлық жағалауды нығайтуға ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Сонымен қатар биылғы шомылу маусымына электр желілерінің және ішкі қосалқы станцияларды жөндеу және күтіп-ұстау үшін 275 млн теңге қаржы қарастырылуда. Туристік аймаққа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Су, кәріздік желілер, блок-модульді тазарту құрылғысын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді.
Айта кетейік, 2029 жылға дейін облыста 87,4 млрд. теңгеге 48 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде ірі жобалардың бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу. Бүгінге құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісуде. Сонымен қатар, әкімдік Шипалы көлінде балшықпен емдейтін санаторийді салу көзделіп отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта эскиздік жобасы әзірленді, сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастайды.