Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Шымбұлақтан да үлкен: Алматыда 200 шақырымдық трассасы бар жаңа курорт салынады

Шымбұлақтан да үлкен: Алматыда 200 шақырымдық трассасы бар жаңа курорт салынады

Түргеннен Қаскелеңге дейін: Алматы маңында алып тау шаңғысы кластері пайда болады

QazMonitor Logo
freepik
freepik

Алматы тау кластері экологиялық және спорттық туризмді дамыту тұрғысынан әлемдік деңгейдегі жаңа дестинацияға айналуы мүмкін. Бұл туралы Kazakh Tourism Development компаниясының атқарушы директоры Ержан Еркінбаев мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның айтуынша, шығыста Түргеннен батыста Қаскелеңге дейін созылып жатқан тау жүйесі жүздеген шақырымдық тау шаңғысы трассаларын, жаяу жүргінші бағыттарын, курорттар мен этноауылдарды біріктіретін бірыңғай туристік кластер құруға мүмкіндік береді.

Еркінбаев ірі туристік инфрақұрылымды дамыту ең алдымен қалаға жақын, дайын инженерлік желілері бар аумақтардан басталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл тұрғыда Алматының артықшылығы айқын: мегаполис тау аймақтарынан небәрі 30 минуттық жерде орналасқан.

Қалада қонақ үйлер, театрлар, мейрамханалар, сауда орталықтары мен мәдени нысандардан тұратын дайын туристік экожүйе бар. Бұл тау туризмін қалалық туризммен біріктіріп, келушілердің орташа шығынын арттыруға мүмкіндік береді.

Алматы тау кластерін дамыту кезеңдері

Алматы тау кластерін дамыту кезеңдері орталық бөліктен басталады. Жоба бірнеше кезеңге бөлінген:

Бірінші кезең – Медеу, Шымбұлақ және Ойқарағай курорттарын аспалы жолдар мен трассалар арқылы біріктіру. Жобаны Туризм және спорт министрлігінің кешенді жоспары аясында Алматы қаласының әкімдігі іске асырып жатыр.

Екінші кезең – Көкжайлау үстіртінде жаңа заманауи тау шаңғысы курортын салу. Медеуден Шымбұлаққа және болашақта Бутаковка мен Қимасарға баратын бірыңғай көтергіш жүйе қарастырылған.

Үшінші кезең – Шымбұлақ курортының қолданыстағы сырғанау аймақтарын кеңейту.

«Нәтижесінде біз 200 шақырымдық тау шаңғысы трассасы бар, әлемнің туристік картасында жаңа жарқын дестинацияға айналатын кластер аламыз», деді ол Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Нарық әлеуеті: Қытай мен Ресей басты бағытта

Kazakh Tourism Development дерегінше, негізгі мақсатты нарық – көршілес елдер. Халықаралық статистикаға сәйкес, Қытайда тұрақты түрде демалатын тау шаңғышыларының саны 12,8 млн адамды, Ресейде 3,6 млн адамды құрайды.

«Егер біз әлеуетті нарықтан жылына кем дегенде 1 млн жаңа турист тартсақ, бір туристің күніне орташа шығыны 300 доллар және Қазақстандағы турдың орташа ұзақтығы 3 күн болған жағдайда, ел экономикасына жыл сайын шамамен миллиард доллар табыс түсіретін боламыз. Бұл жұмыс шамамен 5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді экономикалық драйвер ретінде қарастырылады», деп қосты ол.

Сонымен қатар ол өңірде тау туризміне инвестиция салу белсенді жүріп жатыр. Мәселен, Қырғызстанда «Три вершины» жобасы іске асырылып жатыр (инвестиция көлемі – 1,2 млрд еуро), Өзбекстанда Amirsoy курорты қысқа мерзімде танымал туристік орталыққа айналса, Әзербайжанда Shahdag жобасына 1,3 млрд еуро инвестиция тартылған.

«Осындай динамика жағдайында уақтылы шешім қабылдамау және өз жобаларымызды іске асыруды кешіктіру — әлеуетті нарық үлесін жоғалтуға, инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне, ел үшін әлеуметтік-экономикалық пайданы жіберіп алуға әкелуі мүмкін», деді ол.

Almaty Superski жобасы: Орталық Азиядағы жаңа деңгей

Ержан Еркінбаев Орталық Азиядағы өсіп келе жатқан аймақтық бәсекелестікке жүйелі жауап ретінде, Алматы тау кластерінің орталық бөлігінде Almaty Superski жобасы іске асырылып жатқанын айтты. Тау курорты 60 км тау шаңғысы трассаларын және 16 аспалы жолды қамтиды. Курорттың жайлы өткізу қабілеті күніне 10 000-нан астам шаңғышыны құрайды.

«Халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес, жобаны іске асыру жоғары өткізу қабілеті бар және жыл бойы жұмыс істейтін курорт қалыптастыруға мүмкіндік береді. Курорттың әлеуеті жылына 2,4 млн шаңғышыға және 6,4 млн жаяу туристке дейін бағаланады, бұл жиынтығында жыл сайын 8-9 млн келушіні құрайды», деді спикер.

Сондай-ақ ол жобаның негізгі артықшылықтарына тоқталды:

Курорттағы барлық трассалардың 70%-ы «жасыл» және «көк» санаттарға жатады. Яғни, бұл балаларға, жаңа бастаған шаңғышыларға және отбасыларға қолайлы трассалар.

Трассалардың 70%-ы жасанды қарландыру жүйесімен жабдықталады. Бұл табиғи қарға тәуелді болмай, маусымды басқа курорттардан әлдеқайда ерте ашуға мүмкіндік береді.

«Көкжайлау курортының жаңа нұсқасында жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан шығару қарастырылмаған. Сондай-ақ, жеке коттедждік құрылыстарға қатаң тыйым салынған; Көкжайлауда жеке виллалар мен коттедждер болмайды. Курорт Іле Алатау мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында орналасады. Жалпы ауданы 1000 гектарды құрағанымен, оның тек 20 гектары ғана (2%-дан аспайды) туристік инфрақұрылымға (қонақ үйлер, жалға алу пункттері, тамақтану орындары) бөлінген», деді Еркінбаев.

Оның сөзінше, жобаны дамытуға PGI, Foster and Partners (Norman Foster), DCSA, ADPY сынды әлемдік үздік брендтер жұмылдырылған.

Биылғы жылдың сәуір айында қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған. Құрылысты маусым айында бастап, курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу көзделіп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.