Түркістан облысында жүргізілген түгендеу нәтижесінде 100 туристік орын анықталды, деп хабарлайды QazMonitor.
Туристік нысандар қатарында Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт жерасты үңгірі, Қазығұрттағы «Кеме қалған» монументі, Түлкібастағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы, сондай-ақ Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі бар. Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов мәлімдеді.
«2025 жылы облыс әкімінің төрағалығымен сәулеттік жобалар бойынша 10 мәжіліс өткізіліп, 108 эскиздік жоба қаралды. Оның ішінде 19 жоба Түркістан қаласының әкімдігі, 57 жоба сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан зерделенді», деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, сонымен қатар құрылыс басқармасы мен жобалаушы ұйымдар тарапынан 5 жоба, ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағы» аясында 27 жоба қаралған.
Айта кетейік, Түркістан облысында 801 елді мекен бар. Қазіргі таңда олардың 794-і бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын 2025 жылы әзірлеу көзделіп отыр. Бұл жұмыстарды аудан және қала әкімдіктері жүргізуде. Ал 2026 жылы елді мекендерді бас жоспармен қамту деңгейі 100%-ға жеткізіледі деп жоспарланып отыр.