2026 жылдың наурыз айының басында Бельгияда беделді еуропалық Porschist журналының елімізге арналған арнайы саны жарық көреді. Бұл басылым Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейдегі премиум аудиторияға таныстыруды көздейді, деп хабарлайды QazMonitor.
Журналдың жаңа санында Қазақстанның қаласы - Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Байқоңыр қамтылған. Әр қала өзінің бірегей сәулеттік келбеті, тарихи мәні және заманауи визуалды эстетикасы бар дербес туристік бағыт ретінде ұсынылады.
Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, бұл жоба еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқармақ. Арнайы шығарылымның басты кейіпкері ретінде еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы таңдалды. Журнал беттерінде қаланың серпінді өмірі мен Іле Алатауының асқақ көріністері Porsche автокөліктерінің заманауи дизайнымен астасып, бірегей фотохикая түзілген.
Басылымның назарына қаланың тарихи және заманауи қоғамдық кеңістіктері, креативті индустрия, гастрономия және жоғары деңгейлі қызмет көрсету саласы, сонымен бірге мегаполиспен іргелес жатқан тау панорамалары мен белсенді демалыс орындары ілікті. Түсірілім жұмыстары 2025 жылдың жазында өткен.
Айта кетейік, Porschist – Porsche брендінің жанкүйерлері мен автомобиль эстетикасын бағалаушыларға арналған, 20 жылдық тарихы бар еуропалық баспа журналы және онлайн-платформа. Басылым әр санын белгілі бір елге арнап, оны мәдениет, саяхат және өмір салты тұрғысынан зерттейді.