Былтыр Астанаға туристердің 77% демалыс, іс-шараларға қатысу және шопинг мақсатында келді. Ал 23% қонақ қалаға іскерлік және мәдени визиттермен келген, деп хабарлайды QazMonitor.
2025 жылы тоғыз айда Астанаға шамамен 1,2 млн адам келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен туризмді дамыту жөніндегі сарапшылар кеңесінің отырысында айтылды,
Елордаға ең көп турист келетін елдердің алғашқы бестігіне Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ кірді.
Әкімдік мәліметінше, оқиғалық туризм шетелдік туристер ағынының негізгі драйверіне айналып отыр. 2025 жылы Астанада 56 ірі халықаралық іс-шара ұйымдастырылып, оларға жалпы саны 300 мыңнан астам адам қатысқан.
Әсіресе ірі концерттік жобалар туристік сұранысты күшейткен. Мәселен, Jennifer Lopez және Backstreet Boys концерттері 55 мыңнан астам көрермен жинап, оның шамамен 20 мыңы шетелдік турист болған. Концерт күндері елордадағы қонақүйлердің жүктемесі 95%-ға дейін жеткен.
Сондай-ақ халықаралық туристік ағынды ұлғайту мақсатында «Astana Tourism» орталығы мен Air Astana арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, іскерлік туризмді дамыту бағытында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен бірлескен жобаларды іске асыру келісілді.