Алматыда Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Үйлестіру кеңесінің отырысында «Almaty Superski» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды QazMonitor Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев жоба туралы баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, тау-шаңғы инфрақұрылымы салынатын аумақтар ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрамынан шығарылмайды және жеке меншікке берілмейді.
Сондай-ақ жоба аясында жекеменшік коттедждер мен виллалар салынбайтыны, бұл нормалар ресми құжаттарда бекітілетіні айтылды. Жоспар бойынша 60 шақырым шаңғы трассасы мен 17 аспалы жол салу көзделген. Бұл ретте тіректер саны мен су тұтыну көлемі бұрынғы жоспармен салыстырғанда азайтылып, инфрақұрылым табиғи ландшафтты барынша сақтай отырып орналастырылады.
Бұдан бөлек, жоба аясында «шаңғы тебуді» мектеп бағдарламасына енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылды. Бұл балаларды ерте жастан спортқа баулуға мүмкіндік береді.
Кеңес мүшелері табиғатты сақтау, су ресурстары, сейсмикалық және қар көшкіні қауіпсіздігі, сондай-ақ археологиялық мұраны қорғау мәселелерін көтерді. Қазіргі таңда жоба жүзеге асатын аумақта ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Қоршаған ортаға әсерді бағалау аясында экожүйеге ықтимал әсер кешенді түрде зерттеліп жатыр.
Жобалау барысында өңірдің сейсмикалық белсенділігі мен қар көшкіні қаупі ескеріліп, барлық инженерлік шешімдер тиісті сараптамадан өтеді. Археологиялық мұра нысандарын сақтау үшін мемлекеттік органдармен және ғылыми ұйымдармен бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Келесі кезеңде қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, тұрғындар мен сарапшылар жоба бойынша пікір білдіре алады.
Кездесуге қатысушылар туристік инфрақұрылымды дамыту мен табиғи экожүйені сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар, ғылыми орта және қоғам арасындағы диалогтың маңызын атап өтті. Сонымен қатар кеңес мүшелері мен сарапшылар «Almaty Superski» жобасын қолдап, оны ұзақ мерзімді негізде іске асыруға дайын екендерін жеткізді.