Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Абай облысында туризмді дамытуға арналған ауқымды жоба іске асуда

Абай облысында туризмді дамытуға арналған ауқымды жоба іске асуда

Алакөл аумағы 10 есеге ұлғайып, жаңа инфрақұрылым мен туристік нысандар салынады

QazMonitor Logo
Абай облысының әкімдігі
Абай облысының әкімдігі

Абай облысында туристік әлеуеті жоғары аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және туристер ағынын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды QazMonitor.

Абай облысының әкімдігі
Абай облысының әкімдігі

Өңірдегі негізгі туристік нысандардың бірі – Алакөл жағалауы. Қазіргі уақытта бас жоспарға өзгерістер енгізу жұмыстары басталып, аумақ 300 гектардан 3000 гектарға дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған Алакөл жағалауында туризмді дамыту жол картасы бекітіліп, ол 4 бағыт пен 43 іс-шараны қамтиды.

Жағалаудың қысқаруына байланысты 3 шақырым аумақта нығайту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, электр тапшылығын шешу үшін жаңа электр желілері мен қосалқы станциялар салынады, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, су және кәріз желілері іске асырылады. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрт сөндіру депосы салынды. Сондай-ақ жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған қосымша 137 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Жағалау аумағында абаттандыру, жарықтандыру, жаяу және веложолдар мен санитарлық нысандар салынады.

Өңірде туризм саласын жүйелі дамыту мақсатында «VISIT ABAI» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Барлық туристік нысандар «Abai Travel» мобильді қосымшасы мен VISITABAY.KZ платформасында біріктіріліп, бұл туристерге брондау, навигация және ақпарат алуды жеңілдетеді.

Сонымен қатар Абай және Бесқарағай аудандарында да туризмді дамыту жұмыстары жалғасуда. Бесқарағайдағы Шипалы көлінің емдік қасиеттерін пайдалана отырып, емдеу-сауықтыру туризмін дамыту жоспарланған. 2026-2028 жылдары құны 4 млрд теңге болатын жоба аясында заманауи балшықпен емдеу орталығы, санаторий және демалыс аймағы салынады.

Абай ауданында 4 кезеңнен тұратын «Taukum Жидебай» этно-кешенінің құрылысы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым жүргізу басталған. Жыл соңына дейін «Сақ» моншасы, глемпинг және тұрғын үйлердің құрылысы жоспарланып отыр.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде ауыз сумен қамту бойынша 32 жоба іске асырылуда, оның 21-інде құрылыс жұмыстары аяқталған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.