Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Қатонқарағай эко-туризмнің эталонына айналады

Қатонқарағай эко-туризмнің эталонына айналады

Aitas холдингі Қатонқарағайды дамытудың стратегиялық жоспарын ұсынды

QazMonitor Logo
QazMonitor
QazMonitor

Қатонқарағай елдегі ең экологиялық таза қалаға айналады. Бұл жоспар Катонқарағайды дамытудың стратегиялық құжатында көзделген, деп хабарлайды QazMonitor.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде Қатонқарағай ауданын дамыту жайы талқыға салынған жиын өтті. Онда аудан әкімдігі мен Aitas холдингі бірлесе әзірлеген Қатонқарағайды дамытудың стратегиялық құжаты таныстырылды.

Aitas Meken foundation корпоративтік қорының атқарушы директоры Фатима Герфанованың сөзінше, соңғы 7 жылда Катонқарағайда 100-ден астам жоба іске асқан. Оның 75-і туризм саласына қатысты.

«Аудан әкімдігімен бірлескен жұмыстың арқасында қызмет көрсетілген туристер саны 5 есе, бөлшек сауда көлемі 2 есе, мектептердегі білім сапасы 20%-ке өсті. Енді Қатонқарағайды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары әзірленіп отыр», - деді ол.

Ендігі мақсат - саналы туризм кластерін құрып, ауданның өз экономикасының 50%-ін қамтамасыз ете алуына қол жеткізу. Стратегиялық құжатта алдағы бес жылда ауданда халықаралық деңгейдегі 2 қонақүй, 2 музей, 3 көпфункционалды сауда және туристік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын 2 базар салынады деп жоспарланған.

Сонымен қатар Қатонқарағай мен Өрел негізгі тірек ауылдар болады деп көзделіп отыр. Олар базалық инфрақұрылыммен толықтай қамтылып, 3 жаңа мектеп, 2 балабақша бой көтереді.

Холдинг өкілдері басқа ауылдардың да назардан тыс қалмайтынын айтып отыр. Экологияға да баса мән беріліп, халықаралық Green Destination сертификатын алу жоспарланып отыр. Осылайша, Қатонқарағай ел бойынша ауаға мүлде зиянды шығарындылар тарамайтын алғашқы ауданға айналады.

«Облысты дамыту мақсатында жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасауымыз керек. Катонқарағай тек қазақстандық емес, шетелдік туристер көптеп келіп, таңқалып, айналасындағыларға жарнамалап айтатындай мекенге айналуы тиіс», - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Бүгінде өңірдің туризм саласын дамытуға жергілікті кәсіпкерлер қарқынды тартылып жатыр. Aitas холдингі Қатонқарағайдан бөлек, Ұлан және Шемонаиха аудандарында жұмыс істеуді көздесе, Риддер қаласы, Үлкен Нарын, Марқакөл және Күршім аудандарына басқа бизнес өкілдері де қаражат салады деп жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.