Қарағанды облысында алдағы уақытта туристер санының артуы күтілуде. Осыған орай өңірде туристік полиция құрылып, оның бөлімшелері Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында жұмысын бастады, деп хабарлайды QazMonitor.
«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін туристік полиция құрылды. Мамыр айының соңына дейін негізінен жағалау аймақтарында қосымша 102 бейнебақылау камерасы орнатылады. Құтқару инфрақұрылымы күшейтілуде: Балқашта екі капсулалық-модульдік станция орнатылып, қолданыстағы құтқару станциясы жөндеуден өтті. Сонымен қатар 70 қоғамдық құтқарушы дайындалады. Торанғалық пен Шұбартүбекте тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдем бекеттері ұйымдастырылды», – деді аппараттық кеңесте туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде. Бюджет қаражаты есебінен инженерлік желілер салынып жатыр, оның ішінде Торанғалық кентіне тартылатын су құбыры да бар.
Жол бойындағы сервис нысандарына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл автожолдардың бойында 11 жанармай құю станциясын және бес санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған.
Байланыс сапасын арттыру да негізгі бағыттардың бірі. Балқаш қаласында, Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінде, сондай-ақ Балқаш бағытына қарай автожол бойында антенна-діңгекті құрылғылар орнатылады. Сонымен қатар қолданыстағы базалық станциялар жаңғыртылып, байланыс пен интернеттің тұрақтылығы күшейтіледі.
Туризм саласын цифрландыру да қолға алынған: демалыс аймақтары Kaspi Travel сервистеріне қосыла бастады. Бұдан бөлек, Балқаш, Қарқаралы және Қарағандының орталық саябағында жаңа визит-орталықтар ашу жоспарлануда. Ақпараттық орталықтар теміржол вокзалы мен әуежайда да іске қосылады.