6 - 7 маусым күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival әуе шарлары фестивалі өтеді, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Фестиваль барысында 30-дан астам әуе шары бір мезетте көкке көтеріліп, аэростаттармен ұшу мүмкіндігі туады. Ұзындығы 15 метрге дейін жететін алып әуе батпырауықтарының шоуы, фудкорттар, кемпинг пен бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Іс-шараның ең әсерлі сәті әуе шарларының бір мезетте аспанға көтерілуі болмақ. Қонақтар аэростатпен ұшып, Іле Алатауының бөктері мен Қаскелеңнің көркем табиғатын құс көзінен тамашалай алады. Кешкі бағдарлама да мазмұнды болмақ. 6 маусым күні сахна төрінде DJ King Macarella өнер көрсетсе, 7 маусымда аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің концерті мен танымал қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің ән кеші өтеді.
Балаларға арналған аймақта шеберлік сабақтары, батуттар және анимациялық бағдарламалар өткізіледі. Билет құны 5 мың теңгеден басталады. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Қонақтарға қолайлы болу үшін Алматы қаласынан трансфер, автотұрақ және шатырлы лагерь ұйымдастырылады.