Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. ШҚО-дағы Шымбұлақ: Таулы Үлбіде 30 миллиард теңгенің курорты салынады

ШҚО-дағы Шымбұлақ: Таулы Үлбіде 30 миллиард теңгенің курорты салынады

Өңірді туристік аймаққа айналдыру жобасы қолға алынды

QazMonitor Logo
Фото: Руслан Пряников
Фото: Руслан Пряников

Шығыс Қазақстан облысында туризм саласындағы жаңа жоба – Таулы Үлбі аумағында заманауи тау шаңғысы курортын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов мәлімдеді, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«2026 жылы Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына енгізілген негізгілердің бірі – Таулы Үлбі ауылындағы «The Forest» мейрамханасы базасында тау шаңғысы курортын салу. Жоба аясында екі шаңғы трассасы, 41 нөмірлі қонақүй, SPA-орталық, қызмет көрсету және демалыс нысандары бой көтереді. Сонымен қатар 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады», – деді Эльдар Тұмашинов.

Оның айтуынша, аталған жоба аудан экономикасы мен туризм саласының дамуына елеулі серпін береді. Жобаның жалпы құны – 30 миллиард теңге. Туризм Глубокое ауданындағы негізгі экономикалық салалардың біріне айналмақ. Бұл бағыт инвестиция тарту мен өңірді дамытудағы басым бағыттардың қатарында болады.

Аудан әкімінің айтуынша, туризм саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – «Таулы Үлбі» эко-саябағын құру.

«Жоба тұжырымдамасына сәйкес аумағы 40 гектар болатын рекреациялық-туристік аймақта саябақ салынады. Онда балалар және спорт алаңдары, көрініс алаңдары мен демалыс орындары орналастырылған терренкур жолы салынады. Саябақ бір мезетте екі мыңнан астам келушіні қабылдай алады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылдың үшінші тоқсаны», – деді Эльдар Тұмашинов.

Сонымен қатар оның айтуынша, туризм саласында «Заречье Эко Лэнд» ЖШС Быструха ауылындағы экобазаны кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден асады.

«Бүгінде ауданда 21 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың барлығы жыл бойы келушілерді қабылдайды. Жыл сайын шамамен 102 мың турист келеді. Глубокое ауданына келетін туристердің үлесі Шығыс Қазақстан облысында қызмет көрсетілген туристердің жалпы санының 22 пайызынан астамын құрайды», – деп атап өтті Эльдар Тұмашинов.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.