Pana Asia Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 35 млрд теңгені құрайтын екі ірі туристік жобаны жүзеге асырады. Олар – Pana Katon Karagay туристік кенті мен «Шығыс Қазақстан облысының мультимодальды маршруттары» жобасы, деп хабарлайды QazMonitor ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобалар аясында өңірде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Pana Asia – Қазақстанда және шетелде жұмыс істейтін халықаралық қонақжайлылық операторы. Компания қонақүй желілерін басқарумен, қонақүйлер салумен және құрылыс жобаларын іске асырумен қатар экотуризм бағытындағы бастамаларды дамытып келеді. Қазіргі уақытта оның портфелінде үш елде 21 жоба бар, оның 12-сі құрылыс кезеңінде. Компания алдағы уақытта Қазақстанның 17 облыс орталығы мен 32 туристік локациясын қамтуды жоспарлап отыр.
Бүгінде Pana Asia еліміздің бес ұлттық паркінде визит-орталықтар ашқан, тағы екеуі салынып жатыр. Сондай-ақ бес облыс орталығында қонақүйлердің құрылысы жүргізілуде. Оның алғашқысы Семей қаласындағы 135 жылдық тарихи диірмен ғимаратында ашылған.
Мультимодальды маршруттар жобасы
Компанияның бағалауынша, туризмнің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – логистика. Осыған байланысты «Шығыс Қазақстан облысының мультимодальды маршруттары» жобасы әзірленген.
Жоба теміржол, су көлігі, автомобиль жолдары және шағын авиацияны біріктіретін бірыңғай туристік көлік экожүйесін құруды көздейді. Оның құрамына «Алтай – Катонқарағай – Марқакөл – Зайсан» шеңбер бағыты, «Өскемен – Бұқтырма» бағыты, Ертіс арқылы Зайсанға және әуежайға дейінгі круиздік маршруттар енеді.
Бұл бастама туристік нысандардың көлік қолжетімділігін арттырып, ішкі және келу туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Жобаға 47,5 млн АҚШ доллары (25 млрд теңге) инвестиция салынып, оны 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
«100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы
Компания ауылдық туризмді дамыту үшін бес жыл ішінде 100 ауылды қамтитын «100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама тұрғындар мен инвесторлар арасындағы табысты 50/50 қағидаты бойынша бөлуді қарастырады.
Жоба Қазақстанның алты өңіріне бағытталған. Бұл аймақтарда ұлттық парктердің 65%-ы, ауыл халқының 63%-ы және елдегі туристік ағынның 54%-ы шоғырланған.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін қазіргі 3,3%-дан 5–5,5%-ға дейін жеткізу және 2032 жылға қарай бюджетке қосымша 250–300 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз ету көзделген.
Бағдарламаның алғашқы пилоттық жобасы Түркістан облысындағы Құтарыс ауылында іске асырылып жатыр. Мәлімделген 20 млн АҚШ доллары инвестицияның 3 млн доллары игерілген.
Катонқарағайда жаңа туристік кент салынады
Pana Katon Karagay жобасы аясында Катонқарағай ауданында аумағы 70 шаршы шақырым болатын жаңа туристік кент бой көтереді. Жоба «100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылым, экономика және әлеуметтік даму бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Жоба халықаралық деңгейдегі туристік-аграрлық және рекреациялық кластер қалыптастыруды көздейді. Оның құрамында аспалы жол, глэмпингтер, ашық аспан астындағы кинотеатрлар, ат туризмі бағыттары және бірыңғай сәулеттік құрылыс тұжырымдамасы қарастырылған.
Жобаға 10 млрд теңге инвестиция салынып, оны 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, Pana Katon Karagay – экологияны сақтау, туризмді дамыту және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған ұзақмерзімді инвестициялық жоба. Қазақстанның табиғи және мәдени әлеуеті жоғары болғанымен, халықаралық туристік нарықтағы бәсекелестік күшейіп келе жатқандықтан, мұндай жобаларды жедел іске асыру маңызды.