15-16 тамыз күндері Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында «LOTUSFEST-2026» фестивалі өтеді. Былтыр алғаш рет ұйымдастырылған фестивальге 5 мыңға жуық турист келген. Биыл олардың саны екі есеге артып, 10 мыңға жуық қонақтың қатысуы күтілуде, бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Екі күнге жоспарланған фестиваль аясында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылып, спорттық жарыстар мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары өтеді. Фестивальдің алғашқы күнінде облыстық туристік жарыс ұйымдастырылады. Қатысушылар фестиваль аумағында түнеп, келесі күнгі бағдарламаға қатысады.
15 тамызда «LOTUS FLOTILLA» қайықтар шеруі өтіп, «LotusRUN» марафоны ұйымдастырылады. Марафоншылар Жамбыл ауылынан фестиваль өтетін аумаққа дейін жүгіреді. Одан кейін фестивальдің ресми ашылу салтанаты өтеді.
Ашылу бағдарламасында театрландырылған композиция, этно-фольклорлық және хореографиялық ұжымдар мен қазақ эстрадасының әншілерінің қатысуымен концерт өтеді.
Фестиваль аумағында фотозоналар, балаларға арналған ойын алаңы, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, сауда павильондары мен фуд-корт жұмыс істейді. Қонақтар қайықпен серуендеп, табиғат аясында демала алады.