Қарағанды облысында экологиялық туризмді дамытуға басымдық берілуде. Өңірдегі Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Бұйратау ұлттық паркі туристерді тартатын негізгі нысандарға айналмақ, деп хабарлайды QazMonitor Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Бизнес өкілдері үшін ұлттық парктің төрт функционалдық аймағының екеуі — рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтары айрықша қызығушылық тудырады.
Рекреациялық аймақта кәсіпкерлер туристік маршруттар әзірлеп, жаяу, атпен және аралас бағыттағы соқпақтар ұйымдастыра алады. Жер учаскелері бес жылға дейінгі мерзімге уақытша нысандарды — шатырлы лагерьлер, глэмпингтер, кемпингтер және өзге де күрделі құрылыс нысанына жатпайтын нысандарды орналастыру үшін беріледі.
«Рекреациялық аймақта туристік маршруттар әзірлеп, жаяу, атпен және аралас бағыттағы соқпақтар ұйымдастыруға болады. Жер учаскелері шатырлы лагерьлер, глэмпингтер, кемпингтер және басқа да уақытша нысандарды орналастыру үшін бес жыл мерзімге беріледі», — дейді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.
Ал ауқымды жобаларды шектеулі шаруашылық қызмет аймағында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мұнда жер учаскелері 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге экологиялық қонақүйлер, демалыс орындары және басқа да туристік нысандар салуға рұқсат етіледі.
Туризмді дамыту жолындағы негізгі мәселелердің бірі — инженерлік инфрақұрылым тартуға кететін шығынның жоғары болуы. Өңірде бұл мәселені бюджет қаражаты есебінен шешу жоспарланып отыр. Яғни мемлекет инвестициялық жобаларға қажетті инженерлік желілерді тарту шығындарының бір бөлігін өз мойнына алады.
Кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін де пайдалана алады. Атап айтқанда, туристік нысандар салуға, санитариялық-гигиеналық тораптар жасауға, туристік автобустар мен тау шаңғысы жабдықтарын сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу қарастырылған.
Инвесторларға Туризм басқармасы да жан-жақты қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлер үшін бос жер учаскелері мен сатуға ұсынылған нысандар туралы ақпарат жинақталған инвестициялық гид әзірленді.