Алматыға саяхат және гастрономия тақырыбын жазатын халықаралық Food and Travel басылымының редакциялық тобы келді. Сапар Almaty Tourism Bureau қолдауымен ұйымдастырылып, шетелдік журналистер қаланың гастрономиялық және туристік өмірімен танысып жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Басылым өкілдері Алматыдағы мейрамханаларға, жергілікті гастрономиялық жобалар мен базарларға барып, қазақтың ұлттық тағамдарын және заманауи авторлық концепцияларды зерттеуде. Сапар барысында жергілікті өнімдер мен дәстүрлі рецептерге жаңаша көзқарастарға ерекше назар аударылуда.
Бағдарламаға Алматының тарихы мен қазіргі тынысын гастрономиямен байланыстыра көрсететін мәдени және туристік нысандар да енгізілген.
Food and Travel — 1997 жылдан бері саяхат пен гастрономия тақырыптарын қамтып келе жатқан халықаралық басылым. Қазіргі таңда журнал Ұлыбритания, Германия, Италия, Мексика, Түркия және Грекия нарықтарында шығады. Басылым әлемнің түрлі елдеріндегі туристік бағыттар, ұлттық тағамдар мен мәдени ерекшеліктер туралы ақпарат ұсынады.
2026 жылы Алматының гастрономиялық сахнасына халықаралық медианың қызығушылығы артты. Америкалық Eater басылымы қаланы Where to Eat 2026 тізіміне енгізсе, Алматының төрт мекемесі The World’s 50 Best Discovery тізімінен орын алды.
Food and Travel редакциясының Алматыға сапары қалаға деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сапар қорытындысы бойынша халықаралық аудиторияға Алматының заманауи гастрономиясы, қазақ асханасы мен жергілікті өнімдері таныстырылып, шаһардың Орталық Азиядағы гастрономиялық орталық ретіндегі әлеуеті көрсетілмек.