2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыға қатынайтын халықаралық рейстердегі жолаушы орындарының саны 1,6 млн-ға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп, деп хабарлайды QazMonitor.
Қала халықаралық әуе қатынасын кеңейтіп, шетелдік туристер мен іскерлік сапармен келетін қонақтар үшін қолжетімділігін арттырып отыр.
Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, Mastercard Tourism Insights халықаралық талдау платформасы Қытай мен Түркия бағыттарында айтарлықтай өсім тіркеген.
Атап айтқанда, Қытайдан Алматыға қатынайтын рейстердегі жолаушы орындарының саны 75%-ға артып, 295 мыңға жетті. Түркия бағытында бұл көрсеткіш 11%-ға өсіп, 203 мың орын болды.
Халықаралық әуе қатынасының кеңеюі қаланың туристік әлеуетін арттыруға, іскерлік сапарларды дамытуға және халықаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Тікелей рейстердің көбеюі шетелдік туристер мен бизнес өкілдерінің Алматыға жетуін жеңілдетіп, қалаға келетін қонақтардың географиясын кеңейтеді.
Халықаралық бағыттарды дамыту жұмыстары жылдың екінші жартысында да жалғасады. 2026 жылғы 30 қарашадан бастап Алматы мен Токио арасында тікелей рейс ашу жоспарланған. Бұл Жапониямен әуе қатынасын нығайтып, екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етуі мүмкін.