Қазақстан жаңа жылдық мерекелер кезінде Қытай туристері үшін аса сұранысқа ие 7 шетелдік бағыттың қатарына кірді. Бұл туралы Қытайдың ірі онлайн-туроператорларының бірі Tongcheng Travel жариялаған «2026 жылғы жаңа жылдық мерекелерге арналған туристік үрдістер» есебінде көрсетілген.
Деректерге сәйкес, биылғы желтоқсан айының басынан жаңа жылдық мерекелерге дейін Қытайдың ірі қалаларынан Қазақстанға әуе билеттерін брондау көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50%-дан астам артқан. Қонақүйлерді брондау деңгейі 80%-ға жеткен.
Қытай туристері арасында Қазақстан қысқы демалыс пен белсенді туризм үшін перспективалық бағыт ретінде танылып келеді. Ең танымал қалалар – Алматы мен Астана. Tongcheng Travel сарапшылары тау шаңғысы орындарына сұраныстың қараша айынан бастап артқанын атап көрсетеді.
Атап өту керек, биылғы 11 айда ҚХР-дан Қазақстанға келген туристер саны 876 мыңнан асты, ал 2024 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 655 мың болған. Мұның бәрі Қазақстанға деген жоғары қызығушылықты, Қытай туристік нарығындағы еліміздің позициясын нығайтуды, визалық рәсімдердің жеңілдетілуі мен екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарының тиімділігін көрсетеді.
Дереккөз: Kazakh Tourism