Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Президент: Қазақстан туризмінің әлеуеті зор, бірақ саланы немқұрайлылық тежеп отыр

Президент: Қазақстан туризмінің әлеуеті зор, бірақ саланы немқұрайлылық тежеп отыр

Мемлекет басшысы курорттардың дайындығы, кадр тапшылығы және Алматы тау кластерін дамыту мәселесіне тоқталды

QazMonitor Logo
Mohd Atir/Pexels
Mohd Atir/Pexels

Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында туризм саласына тоқталып, аталмыш сала – экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнесті біріктіретін күрделі сала екенін айтып, бұл бағытта кәсіби әрі отаншыл мамандар қажет екенін атап өтті.

«Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта.

Мемлекет басшысы өзін «эко-белсенді» деп атайтын кейбір топтардың кез келген туристік жобаға қарсы шығуы саланың дамуына кедергі келтіріп отырғанын сынға алды.

«Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ», – деді Президент.

Алматы тау кластерін дамытуда әртүрлі табыс деңгейіндегі туристерге қолайлы жағдай жасау қажет екенін, сонымен бірге кадр тапшылығы да негізгі проблемалардың бірі ретінде аталды. Осы мақсатта Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылғанымен, бұл жеткіліксіз екенін жеткізді.

«Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан, Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында әлемдік таблоидтардың Қазақстанды туристік бағыт ретінде ұсынып отырғанын еске салып, бұл мүмкіндікті пайдаланып, саланы екі есе қарқынмен дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ Алматыны «ешқашан ұйықтамайтын қалаға» айналдыру үшін инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

«Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек», – Президент.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.