Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Депутат балет пен цирк әртістерінің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Депутат балет пен цирк әртістерінің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Сенатор мәдениетті креативті индустрия ретінде қайта құрып, сала мамандары үшін әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуді ұсынды

QazMonitor Logo
Фото: astanaballet
Фото: astanaballet

Қазақстанда мәдениет саласының дамуы тек шығармашылықпен шектелмей, экономикалық және әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналуы тиіс. Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай депутаттық сауал жолдап, мәдениет саласындағы жүйелі проблемаларды көтеріп, оны креативті индустрия ретінде қайта форматтауды ұсынды, деп хабарлайды QazMonitor.

Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда мәдениет саласында сұранысқа ие бірқатар заманауи цифрлық мамандықтар заңнамалық деңгейде бекітілмеген. Олардың қатарында цифрлық контент продюсерлері, сахналық цифрлық технологиялар инженерлері, инклюзивті мәдениет мамандары және мәдени деректерді талдаушылар бар.

«Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция мәдениет саласы креативті индустрия ретінде қарастырылып, дәл осы мамандықтар арқылы экономикалық және мәдени әсер қалыптастырып отыр», деді Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалында.

Сахналар ескірген, цифрлық трансляция шектеулі

Сауалда Астана қаласындағы бірқатар театрлар мен филармониялардың техникалық жарақтандырылуы сынға алынды. Сахналық жарық пен дыбыс жүйелері моральдық тұрғыда ескірген, ал цифрлық трансляция мен архивтеу мүмкіндіктері шектеулі.

Оның сөзінше, дамыған елдерде мәдени ұйымдардың техникалық стандарттары ұлттық мәртебе мен қаржыландырудың негізгі критерийі ретінде заңмен бекітілген. Қазақстанда мұндай талаптар әлі жүйеленбеген.

Инклюзивті мәдениет - бастама бар, саясат жоқ

Сенатор инклюзивті мәдениет мәселесіне де ерекше тоқталды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өнерге қатысуы көбіне жекелеген бастамалар деңгейінде қалып отыр. Мысал ретінде Астанадағы «Қанаттылар» театры аталды. Онда 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі актер еңбек етеді, алайда олардың кәсіби дамуына, білімін жетілдіруге арналған жүйелі қолдау мен арнайы гранттар қарастырылмаған.

Канада мен Скандинавия елдерінде инклюзивті мәдениет мемлекеттің тікелей міндеті ретінде заңнамалық деңгейде бекітілгенін айтты.

Балет, цирк әртістері мен дирижерлерге әлеуметтік кепілдік жоқ

Бибігүл Жексенбай балет және цирк өнері өкілдерінің әлеуметтік қорғалуы жеткіліксіз екенін атап өтті. Әлемдік тәжірибеде бұл санаттағы өнер иелері ерте кәсіби мамандануға байланысты арнайы зейнет жүйесімен қамтылған.

Сонымен қатар дирижерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби дамуы нақты реттелмеген. Бұл оркестр мәдениетінің сапасына және ұлттық музыкалық мектептің болашағына тікелей әсер етеді.

«Мысалы, Франция, Германия, Ұлыбритания, Канада, Жапония сияқты елдерде олардың ерте зейнетке шығуы, жаңа кәсіпке жүйелі түрде қайта бейімделуі заңнамалық деңгейде бекітілген. Ал Қазақстанда бұл санаттағы өнер иелері әлеуметтік және кәсіби тұрғыда жеткілікті қорғалмаған күйінде қалып отыр. Сонымен қатар еліміздегі дирижерлердің құқықтық мәселесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби дамуы жеткілікті деңгейде реттелмеген. Дирижер – оркестрдің көркемдік және кәсіби сапасына тікелей жауапты негізгі тұлға саналады. Аталған жағдай оркестр мәдениетінің сапасына және ұлттық музыкалық мектептің болашағына тікелей әсер етеді», деді Жексенбай.

Не ұсынылады?

Сенатор Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады:

Мәдениет саласындағы цифрлық және техникалық мамандықтарды заңнамалық тұрғыда бекіту;

Сахналық жарық, дыбыс, мультимедиа және цифрлық архивтеу бойынша ұлттық стандарттар енгізу;

Инклюзивті театрлар мен шығармашылық студияларды тұрақты қаржыландыру;

Балет және цирк әртістері үшін ерте зейнетке шығу және қайта бейімдеу тетіктерін заңмен бекіту;

Астанада цифрлық өнер мен креативті индустрияларға арналған заманауи мәдени хаб құру.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.