Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Қарағандыда «СӨЗЖАСАМ» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 12 желтоқсан, 2025 | 17:35
1 минут - оқу уақыты

Қарағандыда «СӨЗЖАСАМ» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды

Өнеркәсіп терминологиясын қазақшалау бастамасы жаңа деңгейге шықты

QazMonitor Logo
inkaraganda.kz/ Александра Марченко
inkaraganda.kz/ Александра Марченко

Қарағандыда қазақ тілінің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған «СӨЗЖАСАМ» жобасының алғашқы кезеңі қорытындыланды. Бұл – республика деңгейінде алғаш рет жүзеге асырылып отырған инженерлік-инновациялық терминологияны жүйелеу жөніндегі кешенді бастама.

Қорытынды отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, лингвист-ғалымдар, журналистер, өндіріс саласының өкілдері және өңірдің колледж оқытушылары қатысты.

Жоба барысында филологтар, лингвистер, журналистер мен сарапшылардан құралған топ өңірдегі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, қазақ тілінде қалыптаспаған немесе қолданысы шектеулі техникалық атауларды жинақтады. Сараптамалық жұмыс нәтижесінде 200-ге жуық термин талданып, оның шамамен 100-і ғылыми негізделген жаңа нұсқа ретінде жүйеленді. Бұл терминдер жақын күндері Республикалық терминология комиссиясына ұсынылады.

Жиын барысында жаңа әзірленген атаулар «Қазақ еліне +1 термин» сандығына салу рәсімімен белгіленді. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов пен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жобаның қазақ терминологиясын ғылыми-инновациялық деңгейде толықтыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

«СӨЗЖАСАМ» жобасы қазақ тілінің ғылым мен технология тілі ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған және ұлттық тілдің жаңа даму кезеңіне жасалған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Жүйеленген терминдер мақұлданған жағдайда, салалық сөздік қорын байытып, отандық өнеркәсіп пен білім беру саласында қолданылатын тілдік базаны жаңғыртуға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.